Қоғам

СҚО-на 80 жыл

Оның бойында қаз-қатар тұрған баспаналар өңірге эвакуацияланып келгендерге арналып 1948 жылы салыныпты. Бір бөлмесін бір отбасы паналаған. Бұған дейін қалада үлкен құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Әркім өзі салған жер үйінде бейқам тұрып жатқан екен. Алғаш басталған бұл құрылыс қалаға әжептеуір өзгеріс ала келіпті.

Вера Яворская, СҚО “Өлкетанушы” қоғамының мүшесі:

– Петропавл 30-шы жылдары саманнан, ағаштан салынған жер үйлердің қаласы еді. Мемлекеттік дейтін құрылыс нысандары болған жоқ. Осы кезде сырт елдерден көшірілгендер келе бастады. Кез келген күні билік өкілдері есікті қағып бұл кісілер енді сіздермен тұрады дейтін. Ал, бұл үйлер сол адамдарға арналып салына бастады. Сондай-ақ, зауыттар да тұрғызылып, облыс орталығы көркейе бастады.

Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы мына Каспий Банк ғимараты 34-ші жылы салынған. Нысан қыз балаларға арналған Ленин атындағы мектеп болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сол жылдары жаппай сауатсыздықпен күрес жүріп, облыс орталығында бірнеше білім беру ошақтары тұрғызылған.

Вера Яворская, СҚО “Өлкетанушы” қоғамының мүшесі:

– Сауатсыздықпен күрес кеңес билігінің басты мақсатының бірі еді. Сондықтан, мектептердің құрылысына көп көңіл бөлінді. Бұл – сол уақытта салынған алғашқы мектептердің бірі. Мен де осы ошақтың түлегімін. Қарапайым ұзын дәліз бен үлкен терезелері әлі есімде. Ғимараттың архитектурасы да қарабайыр болды.

Ал, мына қос қабатты үйлер бертін келе – 1960 жылы бой көтерген. Мұндағы пәтерлер мина жасайтын «Куйбышев» аталған зауыт қызметкерлеріне, дәрігерлерге үлестірліпті. Өлкетанушы Вера Яворскаяның айтуынша қолға түскен неміс тұтқындары салған үйлер жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де бастапқы қалпынан айрылмаған. Ал, өңірдегі көп қабатты үйлердің қашан, қалай пайда бола бастағаны көпшілікке қызық болар.

– Тек жер үйлер орналасқан аядай Петропавлда 1936 жылы алғашқы 5 қабатты үй тұрғызылды. Темір жолшыларға арналып салынған бұл баспана ең биік ғимарат саналды. Облыстың құрдасы арада өткен 80 жылдың ішінде көп өзгеріске ұшыраған.

Бұл ғимарат әдейі 22 поезд жүріп өтетін өңірдегі 9 мың 832 шақырымдық темір жолдың маңынан салынды. Онда қызмет ететін жандардың барлығы осы үйде тұрған. Аталған ғимараттардың барлығы да Солтүстік Қазақстан өз алдына өңір болып бөлінгеннен кейін бой көтерген. Жалпы облыстағы тарихи ескерткіштер саны 591. Олардың 106-сы Петропавлда орналасқан.

Людмила Сорокотяга, СҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы бөлiмiнiң басшысы:

– Оның 65-і әр кезеңдерде, түрлі-уақыттарда салынған ескерткіш ғимараттар. Солтүстік Қазақстан өңірі қалыптасқан соңғы 80 жылға тоқталсақ, 30-шы жылдары бірнеше үйлер салынды. Қазақстан Конституция бойындағы Қазіргі Цум дүкені, әкімшілк ғимараты ретінде сол жылдары тұрғызылған. Кейін Энергетиктер сарайы салынды. Олар бүгінге дейін жақсы сақталған.

Қарағанды облысының, кейін Солтүстік Қазақстанның орталығы болған Петропавл түрлі тарихи ғимараттар мен ескерткіштерге толы. Жерлестеріміздің тарихи ескерткіштерге деген құрметі зор, сондықтан осы уақытқа дейін вандализм әрекеті тіркелмеген.

 

Акбопе Танирберген