МТРА жаңалықтары

“Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ “Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорны” ЖШС жыл басынан 25 млн теңгенің тауарын жасаған

10 жыл бұрын көз жанарынан айырылған нәзікжанды – бірінші топтағы мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі болса да, үйде қол қусырып отырмауды жөн санапты. Осында келіп, іс тігуді үйренген. Қазір күніне 40 жұп қолғап жасай алады. Бұл істе қиындық жоқ, бастысы “жеті рет өлшеп, бір рет кесу” қажет дейді Жұпар Абраева.

Жұпар Абраева – “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ “Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорны” ЖШС жұмысшысы:

– Көз жанарымнан айырылғанға дейін мен сұлулық салонында шаштараз болып істедім. Кейін жұмыссыз қалдым. Зағип болып қалғаннан кейін психологиялық тұрғыда бейімделу қиын. Көп уақыт үйде отырдым. Кейін маған осында жұмыс бар екендігін айтты. Ойланбастан келдім. Іс тігуге тез үйретті. Қазір тек қолғаптарды жасап жатырмын. Алдағы уақытта басқа бұйымдарды тігуге кірісемін.

Өндіріс ошағында жұмыс қызған. Қазір кәсіпорында 27 адам еңбек етеді. Олар 20 түрлі өнім шығарады. Тапсырыстар негізінен Ақмола, Қостанай облыстары мен Астана қаласынан келеді. Жыл басынан мұндағылар 25 млн теңгенің тауарын жасаған екен. Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетімен 4 млн теңгенің тапсырысын орындауға келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Өмірбай Нұрахметов – “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ “Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорны” ЖШС директоры:

– Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Алғашқы тоқсанда 12 млн теңгеге тауар шығардық. Былтырғыға қарағанда көрсеткіш өсті.

Серіктестіктегілердің алдағы жоспары ауқымды. Олар жыл соңына дейін 85-90 млн теңгеге өнім шығармақшы.

 

Риат Шони