МТРА жаңалықтары

Петропавлда жер үй жанып кетті

Жылдам жеткен №1-ші өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері қызыл жалынмен арпалысуда. Оттың екпіні соншалық заматта баспананың шатыры күлге айналды. Құқтқарушыларды шақырған көршілері де өрттің неден шыққанын білмейміз, барлығы тез болды дейді.

Дарья Литновская:


–  Біз өзіміз дым түсінбей қалдық. Тарс еткен дыбысты естідік. Түтіндеп, жалын заматта кетті. Бірден өрт сөндірушілерге хабарластық. Өзімнің үйім жақын орналасқан. Қорыққанымнан құжаттарымды алып далаға шақтым. Барлығы тез арада жанып кетті.

Бұл Наталья және Сергей Куликановтардың үйі болған. Баспана жаңа. Шамамен үш-төрт жыл бұрын тұрғызыпты. Әлі құжаттарын да толығымен рәсімдеп үлгермеген. Абырой болғанда, баспана иелері дін аман. Тек кішігірім күйік алған.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:

– Өрт жайлы хабар 101 нөміріне сағат 20-дан 19 минут кеткенде келіп түсті. Оқиға орнына бірнеше минуттың ішінде өрт сөндiру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметiнiң бірінші және екінші бөлімшесі жедел жетті. От сағат 20-дан 54 минут кеткенде ауыздықталды. Қазір өрт салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы мұнда 5 бірлік техника мен жеке құрамның 16 қызметкері жұмылдырылды.

Оқиға орын алған жерде жақын маңда гидранттар бар екен. Сол себепті, сумен қиындық болған жоқ. Копай шағын ауданында жол жаман, оның үстіне үйлер бір-біріне жақын, тығыз орналасқан. Солардың араларынан өту құтқарушыларға кедергі тудырған.
От 60 шаршы метр аумақты шарпыды. Материалдық шығын есептелуде.

– Жергілікті тұрғындардың айтуынша өрт кешкі сағат сегіз кезінде басталды. Жедел түрде құтқарушылар келіп, қызыл жалынмен арпалысты. Абырой болғанда мынандай газ балондары жарылған жоқ. Оларды құтқарушылар тез арада сыртқа алып шықты.

Наталья Куликанованың айтуынша күйеуі пешке толып қалған қоқысты жақпақ болған. Сол жақтан өрт шыққан секілді дейді. Бірақ, бұл нақты себеп емес. Ол әлі анықталу үстінде. Бұл ретте құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтап, пеш жаққанда мұқият болуды ескертеді. Өйткені, оқыс оқиғаның 80 пайызы пештердің жөнделмегендінің салдарынан болады. Жалпы облыста жыл басынан 262 өрт тіркелген. Салдарынан 17 адам қаза тапқан. Оның біреуі – бала.

 

Риат Шони