МТРА жаңалықтары

Петропавлда масаға қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізілуде

Екатерина Вольданова – қала тұрғыны:

– Масаның көптігі біздің серуендеуімізге мүмкіндік бермейді. Міне, қызымды шағып жатыр. Сол себепті, түрлі химиялық шашыратқыштарды себуге мәжбүрмін. Бұл да жас балғынның денсаулығына өте зиян. Мамандар қаланың орталық бөлігін ғана емес, барлық жерін дәрілесе екен.

Биыл Петропавлда масаны дәрілеу жұмыстарымен жергілікті “Северный кристалл” компаниясы айналысуда. Дезинфектор мамандар сәуір айынан бастап қаламыздың орталығын жәндіктерден залалсыздандырыпты. Олар таңғы 6-дан іске кірісіп әрбірі сағат 11-ге дейін 15-20 гектар жерге ресейлік “Цифокс” дәрісін шашады екен.

Татьяна Джулай – “Северный кристалл” компаниясының бас дезинфекторы:

– Бұл дәрінің қуаттылығы өте күшті. Жерге қонған масаны бірден өлтіреді. Алайда, дәрінің әсері жаңбыр жауғанда жуылып кетеді. Егер біз таңертең жұмыс істеген аумаққа күндіз жауын-шашын түссе еңбегіміз зая кетті деген сөз. Бұл жағдайда жәндіктер өлмейді.

Биыл мамандар шаһардың 233 гектар жерін дәрілемек. Бұл жұмыстарға қалалық қазынадан 2 миллион теңгеден аса қаражат бөлініпті.

Ерік Рамазанов – Петропавл қаласы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:


–  Қалада масаны дәрілеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сәуір айында 2 миллион теңгедан аса ақшаға дәрі алып, шаштық. Енді жуырда тағы да соншама қаражат бөлінеді. Өздеріңіз білетіндей, биыл қансорғыштар былтырғымен салыстырғанда өте көп. Сол себепті, тиісті шараларды қолданамыз.

Қанша әрекет еткенмен зиянкестер қалада әлі азаяр емес. Мамандардың айтуынша, биыл ылғал көп, ал масалар сырттағы көлшіктерден ұшып келуде.

–  Масалар, әсіресе қаламыздың саябақтарында өте көп. Өздерініз байқағандай, бұл жерде бір сәтте тыныш демалып отыруға болмайды. Жәндіктер адамдарды шағып олардың табиғат аясында серуендеулерінде кедергі жасауда.

Кешке қыдыруға шыққанда қаптаған масалармен алысып әлек болатын тұрғындар тиісті шаралар тиімді жүргізілсе деген тілектерін білдіруде.

Петропавлда масаларға қарсы дәрі шашу қазан айына дейін жүргізіледі. Алайда үй аулалары мен қаланың шеткері аудандарында бұл жұмыстар жүргізілмейді.

 

Култанов Байболат