МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Тіл шебері-2016” республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті

 

Сайыста сынға түскен үміткерлер қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

“Тіл шебері-2016” республикалық байқауының облыстық кезеңіне қатысушылардың бірі – Зарина Шаукерова. Жамбыл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы сайысқа тыңғылықты дайындалыпты. Үш тілді еркін меңгерген азаматша өз білімінің арқасында жеңіске жететіндігіне сенімді.

Зарина Шаукерова – байқауға қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Мектеп қабырғасында үш тілді қатар меңгергендіктен байқауға қатысуы аса қиындық тудырған жоқ. Сайысқа жақсы дайындықпен келдім”.

Байқаудың 2-ші турында сайыскерлер Қазақстан тарихына қатысты тапсырмаларды орындады. Олар қазылар алқасы қойған сұрақтарға орыс және ағылшын тілдерінде жауап берді. Ал, соңғы “Өнертаным” кезеңінде үміткерлер 3 түрлі жаңылтпашты жаңылмай 3 рет қайталап айтып сыналды.

Нұрлан Жамантаев – СҚО тiлдердi дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Байқауға 13 үміткер қатысуда. Сайыстың басты мақсаты жас мемлекеттік қызметшілер арасында дарындыларын анықтап оларға қолдау көрсету болып табылады.

Сайыс соңында жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Ал, жеңімпаз қыркүйек айының соңында Астана қаласында өтетін республикалық жарыста өңір намысын қорғайды.

Култанов Байболат