МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Сүйікті қала” атты экологиялық марафонның І кезеңі өтті

Мұнда тұрмыстық қалдықтарды жылдам теріп алу керек. Әрі көп болса арнайы сыйлық берілмек.
Сайыскерлердің бірі – Ерлік Мұхамеджанов. Пысық жігіт күл-қоқысты қапшығына молынан салуда. Ол тұрғындар аптап ыстықта өздері түсетін көлдің маңын таза ұстау керек деп есептейді. Сол себепті, мұндай ерекше шара өтерін естігенде қатысуға бірден келіскен.

Ерлік Мұхамеджанов – сайысқа қатысушы:

 

– Жалпы, қаланың маңындағы барлық территорияны таза ұстау керек деген ойдамын. Осы шара жайлы естісімен өзімнің достарыма, таныстарыма айттым. Мені қолдауға келеді деп ойлаймын.

Негізі, көлдің маңында шашылып жатқан қоқыс көп. Оның барлығы жиналып болған соң өлшенеді.

Қоқысты ең көп жинағанға сыйлық бар. Бас жүлде – велосипед, ал өзгесіне демалыс орындарына арналған бірнеше жолдама беріледі.
Негізі ұйымдастырушылар осындай сайыстың өтетінін әлеуметтік желілерде хабарлаған. Қатысуға ниет білдіргендердің саны – небәрі 15.

Андрей Фролов – СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

– Басты мақсат – қоршаған ортаның ластану мәселесіне демалушылардың назарын аудартып, тазалыққа баулу. Экологиялық марафон 3 кезеңнен тұрады. Келесі 2 және 3 кезеңдерде Мещан орманы мен Жеңіс саябағы ауданында Есіл өзенінің жағалауы жинастырылады.

Ұйымдастыруышылар қаламыздың барлық белсенділерін экологиялық марафонға атсалысуға шақыруда.

Тоғжан Ақмағамбетова