Қайырымдылық

Петропавлда алғашқы қайырымдылық балы өтті

Бүгін аталған шараға 200-ден астам солтүстікқазақстандық азамат жиналды. Бұл балдан ұйымдастырушылар 2 млн теңгеге жуық ақша жинап, оны ауыр дертке шалдыққан кішкентай жерлестеріміз Настя Шарапова мен Андрей Авдеюктің еміне жіберуді жоспарлап отыр.

Дәстүрге сай кеш қыз-жігіттердің биінен басталды. Бұл жерде әдемі бал көйлегін киген арулар мен Әскери институттың курсанттарынан құралған 80 жұп шығып, өнерлерін ортаға салды.

Шарапаты мол шараға «Екпін-2002» серіктестігінің директоры Екпін Әбиев те қатысуда. Жиынға ол өмірлік серігі Шәкен Әбиеваны да ерте келген. Бұл отбасының Жамбыл ауданында өз кәсібі бар. 20 жыл бойы бизнеспен айналысатын жанұя қолдан келгенше қайырымдылық жасауға тырысамыз дейді. Олар мұндай игі іс жасауға балаларын да тартады екен.

Екпін Әбиев – «Екпін-2002» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

 

– Қазақта мынадай мақал бар ғой, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің дейді. Біз 20 жыл бұрын біз бастаған қайырымдылық істерін балаларымыз жалғастырып келеді. Бізге халықтың батасы керек.

Қайырымдылық шарасына қатысушыларды облыс әкімінің атынан шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов құттықтады.
Мұнда өнерлі жерлестеріміздің қолдан жасалған бұйымдары мен суретшілердің картиналары, «Қызылжар-СҚ» футбол командасының добы, «Құлагер» хоккей клубының ойын таяғы мен формасы, бокстан аса жеңіл салмақтағы әлем чемпионы жерлесіміз Жанат Жақияновтың қолғабы мен Лондондағы олимпиада чемпионы Александр Винокурвтың велошабандоз киімі қойылды.
Сатылымға бірінші болып ағаштан жасалған фотожақтау қойылды. Бастапқы бағасы – 1 мың теңге. Бірақ, аукцион барысында оны облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева 7 мың теңгеге сатып алды. Осылайша, ол ауыр дертке шалдыққан балалардың емделуіне өз үлесін қосты.

Қайырымдылық аукционына суретші Сағыныш Бектемированың 3 картинасы қойылды. Оның туындыларына жергілікті кәсіпкерлер зор қызығушылық танытып, 350 мың теңгеге сатып алды.

Сағыныш Бектемирова – суретші:

– Бұл жиында менің картиналарым үлкен сомаға сатылады деп ойлаған жоқ едім. Толқып тұрмын. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Олар өте қайырымды іс жасап жатыр. Енді кішкентай балалар дерттерінен жазылып, бақытты өмір кешеді деп сенемін.

Аукционға 27 лот қойылды. Оның ішінде бокстан Әлем чемпионы Жанат Жавқияновтың қолғабы – 250 мың теңгеге,ал велоспорттан Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың заттарын 500 мың теңгеге жергілікті кәсіпкерлер сатып алды. Жалпы қайырымдылық шарасы барысында 1 млн 804 мың теңге қаражат жиналды.

 

Айгерим Ержанова