Құқық қорғау органдары

9 жастағы қызды соғып кеткен көлік жүргізушісі 21 мың теңге айыппұл төлейді

 

Кадрда көрінгендей “Фольксваген” автокөлігінің иесі Сәтпаев көшесінде жаяу жүргіншілер жолымен кетіп бара жатқан 9 жастағы қызды соққан. Осы бір сәтте велосипетші жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушіні жұдырықтың астына алады. Кейін көлік иесі өзінің кінәсін толығымен мойындап, жедел жәрдем мен тәртіп сақшыларын шақырған. Енді 23 жастағы жүргізуші 21 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады. Ал машина соққан қыз болса ауыр жарақат алған жоқ. Дәрігерлер қараған соң оны үйіне жіберген.

Шәмшиден Ақышев – Петропавл қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары

– Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жүргізуші өз кінәсін мойындады.

Осыған ұқсас тағы бір оқиға Уәлиханов көшесінде орын алды. Тек бұл жерде көлік иесі өзі жасаған заңбұзушылықты жасыру үшін ешкімге айтпастан тайып тұрған. Бірақ, зардап шеккен баланың ата-анасының полицияға шағымынан кейін, кінәлі анықталды. Ол – 24 жастағы қала тұрғыны.

Күдікті

– Айнаға қарап, артта ешкімнің жоқ екенін байқадым. Машинамен жүре бергенде соққының дыбысын естідім. Шығып қарасам жолдың арғы жағында кішкентай бала үсті-басын қағып жатыр екен. Одан: “Еш жеріңді жарақаттап алған жоқсың ба?” – деп сұрадым. Ол жоқ деп жауап берді. Кейін ата-анасына хабарласуға рұқсат бермеді. Мен оған өз телефон нөмірімді қалдырдым. Ата-анасы қоңырау шалады деп күткенмін. Бірақ, ешкім хабарласқан жоқ.

Анықталғандай, зардап шеккен 10 жастағы бала бірнеше күн бойы бұл оқиға жайлы ешкімге айтпапты. Кейін өзін әлсіз сезініп, ата-анасы ауруханаға апарған кезде ғана не болғанын басынан аяғына дейін баяндап берген.

Мадияр Харипов – СҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы:

– Жауап алу кезінде жүргізуші жазбаша түрде түсінік берді. Қазір материалдар жиналып қалалық ІІБ жөнелтілді.

Соңғы төрт айдың ішінде облыста 4 бала жол-көлік оқиғасына тап болған. Ал өткен 2015-ші жылы 11 апат орын алып, кәмелеттік жасқа толмаған 1 жеткіншек қаза тауып, 11-і түрлі жарақаттар алған.

 

Риат Шони