Білім

Петропавлда республикалық “Үздік педагог-2016” байқауының облыстық кезеңі өтті

Бүгінгі тақырып – ХVIII ғасырдағы Ресей. 16 жылдық еңбек өтілі бар Наталья Беленкова оқушыларға 1 Петр патша жайлы әңгімелеуде. Өз ісін нық білетін білікті ұстаз шәкірттерді әр топқа бөліп тапсырма берді. Бұл балалардың өзара түсіністік орнатып, ұжым болып жұмыс жасауына көмек береді екен.

Наталья Беленкова – Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің тарих пәні мұғалімі:

– Біз сабақ барысында шәкірттермен 1 Петр патшаның Ресейде билік еткен жылдарын ассоциация әдісі арқылы талқыладық. Яғни, оқушылар тапсырманы үш кезең бойынша орындады. Алдымен балалар оқиғаның орны мен мәселе барысын анықтады. Кейін мақсаты мен оның жауабын ұжым болып тапты. Олар менің жүктеген міндетімді толықтай ақтады.

Облыстық “Үздік педагог” байқауы оқу жылының аяғында дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Сайысқа қатысушылардың еңбек өтілі мен жас ерекшелігі әр түрлі. Биылғы білгірлер додасында өңіріміздің 17 мұғалімі бақ сынауда. Олар байқауда 4 турдан тұратын тапсырмаларды орындаулары қажет. Алдымен ұстаздар қазылар алқасына шығармашылық портфолиоларын таныстырып, авторлық жобаларын қорғады. Содан кейін қалалық мектептерде ашық сабақ берді. Қатал сыннан сүрінбей өткен педагог жоғары бағаға ие болмақ.

Шәрбән Таймуллина – қазылар алқасының мүшесі:

– Біз ұстаздардың білім деңгейлерін, іс-тәжірбиелерін және методиканы пайдалана білуі мен жаңа форматпен жұмыс істеуін бағалаймыз. Сондай-ақ мұғалімнің жаңа технологияларды пайдалана отырып оқушымен қарым-қатынасына көңіл аударамыз.

Міне, үздіктердің үздігін анықтайтын сәт те келді. Бірер минуттардан кейін байқауда жеңімпаз атанған ұстаздың есімі белгілі болмақ.

Үшінші дәрежелі диплом Қызылжар аудандық “Парасат” мектеп-лицейінің химия және биология пәні мұғалімі Жанат Садвокасовқа табысталды. Екінші орынды Наталья Беленкова жеңіп алды. Ал, жылдың үздік педагогы Жадыра Қаржауова атанды. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалі бұл жеңіс көп жылдық қызметтің жемісі дейді.

Жадыра Қаржауова – Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Ұстаз – мектептің алтын діңгегі деп Ы.Алтынсарин айтып кетті. Ал, оның жапырақтары біздің оқушыларымыз болып табылады. Менің осы жетістікке жеткенім өзімнің ғана жеңісім емес, шәкірттерімнің де жеңісі. Олардың қатырда облыстық, республикалық олимпиадаларда жеңімпаз атанды.

Байқау жеңімпазына ұйымдастырушылар фотоаппарат пен “Сосновый бор” шипажайында демалуға жолдама сыйлады. Енді, Жадыра Қаржауова өңір намысын қазан айында өтетін республикалық сайыста қорғайды.

Култанов Байболат