Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста көктемгі дала жұмыстары қызу жүруде

Бірінші кезекте жерге майлы дақылдар себіліпті, енді дәнді дақылдар сіңдірілмек. Сондай-ақ, шаруашылықта 400 гектар жер парға қалған.

Михаил Юрков – “Родина” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Менде 11 адам, 5 трактор жұмыс істеуде. Тыңайтқыш және гербицидті пайдаланудамыз. Әзірге, ауа райы қолайлы. Егіс алқабына таңғы 7-де шығып, түнгі 10-ға дейін жүреміз.

Аймақ басшысы егіс алқабындағы іс қалай жүріп жатқандығын сұрастырды. Агроқұрылымдар арасындағы өзекті мәселе – минералды тыңайтқышты жеткізу жай таяу арада шешілмек.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Біздің 50 мың тонна үлесіміздің негізгі бөлігі пардағы жерлерге кетеді. Жаз бойы тыңайтқыштарды әкеліп, себеміз. Бұдан басқа мәселе жоқ, жанар-жағармай бар. Ауа райы қолайлы, ылғалды жаптық.

Ерік Сұлтанов жергілікті диқандар қауымына жуырда Ақордада ел Президенті қойған тапсырмаларды жеткізуде.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Кеше Елбасы бізді жинап, жарты жылдықты жоғарғы нәтижемен аяқтауымыз керектігін айтты. Бізде барлық көрсеткіштер оңтайлы болу қажет. Бұл ауылшаруашылығында жақсы жүріп жатыр. Өткен жылы 7,5 пайыз болды, ал қазір әзірге – 1,5. Біз барлық бағдарламаларды толық орындап жатырмыз. Механизмдер бар. Ал жыл соңында Тәуелсіздік күніне қарсы біз өте жоғары көрсеткішке қол жеткізуіміз керек. Менің ойымша облысымыз оны көрсетеді.

Ал Дубровинск елді-мекенінде аймақ басшысын “Ишим-Агро-Норд”, “Бредун”, “Мәмбетов и К” және “Михайловка агро” шаруа қожалықтарының жетекшілері қарсы алды. Ерік Сұлтанов диқандарға қолайлы ауа райын пайдаланып, жұмысқа қарқын қосу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар жалақының жоғары болуын тапсырды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елбасы жалақының білім саласында 29-ға, денсаулық сақтауда 28 пайызға және әлеуметтік салада 45 пайызға көтерілгендігін еске салып өтті. Сіздерге еңбекақыны 30 пайызға дейін көтеру керек. Девальвациядан кейін инфляция болды, мұны ескеру қажет.

Ал “Ишим-Агро-Норд” ЖШС бас директоры өзінің майлы дақылдарға қойған жоспарларымен бөлісуде. Рапс, зығыр және күнбағысты шамамен 5 мың гектар жерге екпекші.

“Мәмбетов и К” командиттік серіктестігінің басшысы Еркебұлан Мәмбетов Ерік Сұлтановқа өз қожалығындағы алқаптың 25 пайызына дәнді дақылдың себілгендігін баяндады. Күзде жақсы өнім алу үшін пардағы жерді аммофос және фасфоритті ұнды тыңайтқышпен өңдеу қажет.

Еркебұлан Мәмбетов – “Мәмбетов и К” КС бас директоры:

– Рапс, зығыр дәндерін егіп тастадық. Ауа райы қолайлы. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына мемлекеттен үлкен көмек бар. Жанар-жағармай уақытылы, толығымен берілді.

Айта кету қажет, ауылшаруашылығы тауар өндірушілері Петропавлда “К-704” тракторы құрастырылатындығынан хабардар. Олар жаңа техниканы сатып алмақшы.
Облыс әкімі келесі аялдаған жер – Жамбыл ауданы. Мұнда көктемгі дала жұмыстары жайлы “Шатило и К” серіктестігінің директоры Виталий Шатило баяндауда. Оның қарамағында шамамен 67 мың гектар жер бар. Егіс алқабында 40 дәнді дақыл сепкіш пен 13 заманауи кешен жұмыс істеуде.

“Шатило и К” – ауданда егін себу науқаны бойынша алда келе жатқан агроқұрылымдардың бірі. Бүгінде мұндағылар алқаптың жартысын игеріпті.

Пресновка елді мекенінде диқандармен кездесу “Арман” шаруа қожалығының егіс алқабында өтті. Көптеген кәсіпкерлер мал шаруашылығымен айналысады екен. Ал төрт түлікті әлі алмағандарға аймақ басшысы тез арада сатып алуға кеңес берді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Төрт-түліксіз біз іс тындыра алмаймыз. Түмен және Қорған облыстарының губернаторларымен тауар жеткізуге келістік. Біз Түменде жәрмеңке өткіздік. Өнімдерді бір күн ішінде сатып алды. Қазір Ақтөбе облысында малдың ауруына байланысты олар тауар әкелуге тыйым салды. Бірақ, бұл сұрақты шешеміз. Мәселенің күрмеуі тарқаған кезде маусым айында Қорғанға барамыз. Сол себепті, мал шаруашылығы бойынша жоспар құрыңдар.

“Алисарай” ЖК басшысы Арман Қосымғожин өткен жылы 330 бас қазақтың ақбасы мен симментал тұқымды ірі қараны сатып алыпты. Астаналық кәсіпкер шаруашылығын Жамбыл ауданында ашқан. Іскер азамат өңір жетекшісіне “Қазагроқаржы” арқылы мемлекеттік бағдарламамен субсидия алуға жәрдемдесуді сұрады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сізге көмектесеміз. Осындай бастамаларда қолдау керек. Бірден 330 бас ірі қара сатып алған екенсіз.

Сондай-ақ, аймақ жетекшісі Ерік Сұлтанов Жамбыл ауданының орталығында сауда үйіне де бас сұқты. Нысанд жергілікті кәсіпкер қыс мезгілінде өз қаражатына ашқан.

Риат Шони