Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Назарбаев зияткерлік мектебіне «Көшбасшы сабағын» өткізді

Кейін облыс әкімі Назарбаев зияткерлік мектебінің өзі төрағалық ететін алғашқы қамқоршылық кеңесіне қатысты. Онда оқу ордасының халықаралық аккредитациядан өту жайы талқыланды. Білім ошағына алғашқы шетелдік комиссия қыркүйек айында келеді екен. Сондықтан оған сапалы дайындық қажет-ақ.

Владимир Рахмаил- Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының сыртқы байланыс жөніндегі орынбасары:

-Бұл аккредитациядан барлық Назарбаев Зияткерлік мектептері өтеді. Ең алдымен біз Нидерландыдағы халықаралық мектептер кеңесіне мүшелікке өтуіміз керек. Содан соң аккредитациядан өтеуге дайындаламыз. Әрине бізді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Сондықтан осы кеңестің маңызы өте зор. Осының арқасында қордаланған бірқатар мәселелер шешіледі деп ойлаймыз.

Бұдан соң өңір жетекшісі оқушыларға «Көшбасшы сабағын» өткізді. Ел үшін, талмай еңбек ету кез келген жанның қолынан келе бермейді. Сондықтан елді басқарып отырған адам қандай болуы керек? Осы қасиеттер жайлы шәкірттерге Ерік Сұлтанов баяндап берді.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Көшбасшылық қасиет бір-екі күнде келмейді. Ол – адамның бүкіл өмір бойғы тәжірибесінің жиынтығы. Қазір сіздер – оқушысыңдар. Бүгінгі басты міндет – жақсы оқып, тәрбиелі тұлға болу. Дұрыс мамандық таңдау. Айнадағыларға бей-жай қарамау. Көшбасшылық қасиеттің тағы бір белгісі ол – жауапкершілік. Істеген іске әрқашан ұқыпты болған абзал. Ең бастысы бүгін істей алатын істі ертеңге қалдырма.

Оқушылар жақсы тұлға, нағыз көшбасшы болу үшін қандай қасиеттердің болу керектігін білді. Бойларына тоқыды. Ендігі кезекте тек оқу оқып, айтылған талаптарға сай болуға тырысу қажет. Облыс әкіміне оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Татьяна Есауленко- Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы:

-Әке-шешеңіз қандай тәрбие берді?Қандай адам болып өсуіңізді қалады?

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

-Біз 5 ағайынды болып өстік. Анам- бауырмалдылыққа, мейірімділікке үйретті. Әкеміз ылғи сабағымызды сұрайтын. Әкеміз өтірік айтпа, ұрлық жасама деді. Ұстаздар мен үлкендерді құрметтеуге үйретті.

Балғындар тағы экономиканың дамуы үшін өндірістің қандай секторларына басымдық беру керектігін сұрады. Өңір жетекшісінің қызметінде қандай қиындықтармен бетпе-бет келетіндігі және оқыған кітаптары оқушылардың қызығушылығын тудырды. Спорт жайы да назардан тыс қалмады.

Дінмұхамед Балтабаев- Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы:

-Жасыңызда қандай спорт түрлерімен айналыстыңыз? Және қазір олармен айналысасыз ба?

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

-Балалық шақта барлығымыз футболдан бастадық қой. Кейін мектепте шаңғы тебуді үйрендік. Қазір міне велосипедпен күнде кешке 30 шақырым жүремін.

Облыс әкімімен өткен көшбасшы сабағынан оқушылар зор әсер алғандығы әрине айтпаса да түсінікті. Сұрақтарына тұшымды жауап алған балғындар аймақ басшысына картина сыйға тартты. Ал Ерік Сұлтанов оларға өлкеміз туралы кітапты берді. Кейін барлығы естелік суретке түсті.

 

 

 

Магжан Ахмадина