Өнеркәсіп

«Алаугаз-СК» ЖШС биыл керамикалық кірпіштің 1,5 млн данасын шығаруды жоспарлап отыр

Александр Чугреев – «Алаугаз-СК» ЖШС өндіріс басшысы:

-Өткен жылдың соңында өндіріс уақытша тоқтатылды. Өйткені, біз кірпішті шығару технологиясы мен құрылғыларды өз ыңғайымызға қарай жасауға тырыстық. Себебі, зауыттан тек сапалы кірпіш қана шығуы керек. Мамырдың 11-інен қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Әзірге, жылына 1,5 млн кірпіш шығаруды жоспарлап отырмыз.

Жалпы мұндағы мамандар кәсіпорынның қуатын әлі де арттыруды жоспарлап отыр. Өйткені бұл серіктестік жылына 3 жарым млн дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Бүгінде бір күн ішінде зауытта керамикалық құрылыс материалының 8 мыңы өндіріледі.

Зауыттың өніміне сұраныс бар. Мәселен, алдағы жаз мезгілінде кәсіпорын 15 млн теңгеге 300 мың дана құрылыс материалын өндірулері қажет. Бүгінде аталған тапсырыстың 32 мыңы орындалыпты. Дайын тұрған тауар Бәйтерек ауылындағы мектептің құрылысына жіберілмек.

Александр Чугреев – «Алаугаз-СК» ЖШС өндіріс басшысы:

-Кірпішті жасау үшін біз Солтүстік Қазақстан жерінен алынаты сазды қолданамыз. Одан өте сапалы тауар шығады. Мәселен, қазір біз тапсырыстың біразын орындап қойдық. Жақында олар мектеп пен баспана құрылысына жіберіледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта біз тағы да жаңадан құрылғылар орнатып, қаптама кірпіштерді шығармақпыз.

Жалпы бұл зауытта екі ауысыммен 45 маман жұмыс жасайды. Қайрат Мұхамедқалиев серіктестікке оператор болып екі апта бұрын орналасқан. Ол күні бойы кірпіштің кептірілуін қадағалайды.

Қайрат Мұхамедқалиев – «Алаугаз-СК» ЖШС операторы:

-Өзім жуырда келдім. Міне, мына жердегі кірпіштерді пешке жіберіп, кептіреміз. Кейін оны дайын тауарлар өндірісіне апарамыз. Бәрі жақсы. Жалақымыз да көңілімізден шығады.

Зауытта өндірілетін кірпіштің қаттылығы 130 бірлікті құрайды. Бұл тауардың жоғары сапалы екендігін білдіреді. Ал мұндай құрылыс материалының бір данасын кәсіпорыннан 52 теңгеге сатып алуға болады.

 

 

 

Айгерим Ержанова