МТРА жаңалықтары

Маусым айында Петропавлда 198 тұрғын баспаналы болмақ

Елена Балло – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Баспаналар «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасының жаңа бағыты бойынша беріледі. Бірақ, бұл пәтердің кілтіне кезекте тұрған адамдар ғана ие бола алады. Негізі мұндай жаңашыл жоба біздің қалада бірінші рет ұйымдастырылғалы отыр. Айту керек, бұл пәтерлер бастапқыда жалға беріледі. Бірақ, тиісті соманы төлеп болған соң, баспана өз атыңызға аударылады.

Салынып жатқан қос баспана да Жәлел Қизатов көшесінде орналасқан. Жалға берілетін пәтердің 1 шаршы метрінің құны 656 теңгені құрайды. Мәселен, бір бөлмелі тұрғын үйге бір айда шамамен 32 мың теңге жұмсалады. Мұндай соманы 20 жыл бойы төлеп, баспананы толығымен өз меншігіңізге алуға болады.
Жобаға қатысу туралы өтінім мамырдың 23-і мен маусымның 5-і аралығында қабылданады.

Елена Балло – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Бағдарламаның шарттарына сәйкес, құжаттар тек электронды үкімет порталы арқылы қабылданады. Яғни, тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталығына барып, электронды-сандық қолтаңбаларын алады. Кейін тиісті амалдар орындалып, өтінім беріледі. Ол жерде мамандар керегінше көмектесіп, қолғабыс етуге тырысады.

Құжаттар рәсімделген соң, оны Қазақстанның ипотекалық компанияның мамандары тексереді. Бастысы жобаға қатысушы отбасылардың төлей алатындай жағдайлары болуы керек. Аталған жоба жылына бір рет ұйымдастырылып тұрады.

Ол туралы толық ақпаратты қала әкімдігінің сайтынан білуге болады.

Айту керек, бүгінде облыс орталығында 12 282 адам пәтер кезегінде тұр. Биыл оның 1 мыңнан астамы баспаналы болмақ.

 

 

 

Айгерим Ержанова