Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлдағы 19 мектепке биыл күрделі жөндеу жүргізіледі

Наталья Букатова – Қалалық бірінші гимназиясының директоры:

-Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 10 млн теңге қаржы бөлінді. Оған біз бірінші қабаттағы 74 терезені алмастырамыз. Өйткені, жылу тарату осы жерден жүргендіктен астыңғы қабат ылғи суық болатын. Қазір құжаттарымыз қаралып жатыр. Ол аяқталған соң, жөндеу шараларына бірден кірісеміз.

Терезелерді алмастырудан бөлек мұнда тағы санитарлық торап, кабинеттер мен нысанның шатыры жөндеу көрмек. Оқу ордасында болған облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыстың сапалы орындалуына көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Білім ошағында спорт алаңы өткен жылы ғана пайда болыпты. Енді оқушыларға ыңғайлы болу үшін оны жасанды жабынмен қаптау қажет. Өңір жетекшісі биыл күрделі жөндеуден өтетін БЭСТ гимназиясында да болды. Жаз уақытында мектептің 137 терезесі алмастырылады. Ол шаруаға 23 млн және нысанның санитарлық торабын қалыпқа келтіруге 6 млн теңге қаржы бөлінген. Ал келер жылы спорт залы жаңартылады. Бүгіндері жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Қаладағы 2-ші мектептің де шатыры әбден тозған. Ғимарат ішінде оқу кабинеттерінен бөлек шағын орталық та бар. Сондықтан биыл ол қалыпқа келтіріледі. Бұл мақсатқа 12 млн 600 мың теңге бағытталыпты.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Оқу маусымы біткен соң бастау қажет. Уақытты созбай. Жұмыстың сапалы орындалуын қарастырыңыздар. Биыл қаладағы 38 мектептің 19-ы жөнделеді. Сондықтан жұмысты сапалы, уақытылы өткізу керек.

22 млн теңге №43 мектептің терезелерін алмастырып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген. Ерік Сұлтанов жазғы демалыс басталғанда шаруаға бірден кірісу үшін қазір қолды қусырып бос отырмай мердігерлермен келісімшарт жасасып, жұмыстардың уақытылы басталуына көңіл бөлуді тапсырды. Ал Петропавлдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының шатырын алмастыру шаруаларына құрылысшылар жуық арада кіріспек.

-Қанша қаражат бөлінді?

-14 млн.

-Биыл төбесін ғана істейміз, сонымен болды ғой?

-Иә. Смета бойынша сол.

-Оған қандай дайындық бар қазір?

-Ертең келісімшарт жасаймыз.

-Мердігер қандай компания?

– «Стройцентр».

Ең бастысы – оқу орындарында қалыпты температуралық режим болуы керек. Қалалық мектептерде ол үшін терезелер алмастырылып жатса, аудандарда 105 жаңа қазандық орнатылмақ. Жалпы өңіріміздің білім ошақтарын жөндеу үшін биыл 1 млрд 280 млн теңге бөлінбек. Ал олардың саны – 59.

 

Магжан Ахмадина