МТРА жаңалықтары

Демалыс күндері Абылай хан резиденциясында квест-ойыны өтті

Міне, жасырынған сөзді тауып алған Рамазан Каримов пен оның қарындасы Марина екеуі де ойынға қызыға кірісті. Құпия сөзді айтқаннан кейін балаларға саяхатшы кітапшасы табысталды. Сонымен, олар осы бағдарламада берілген тапсырмаларды орындаулары керек. Берілген уақыт небәрі 30 минут қана.

Жас балғындар белгіленген барлық тапсырмаларды орындап, белсенділік пен тапқырлық танытты. Олар ойынды 26 минут ішінде өтті. Қойылған шарттардың бәрін орындағаннан кейін тура Абылай ханның тақ залына барып сұрақ қойды.

Рамазан Каримов – сайысқа қатысушы:

-Мен ханнан қанша баласы болғанын сұрадым. Жауабы өте таң қалдырды. Оның 70 баласы болыпты. Отыз ұл мен 40 қыз баласы. Бұл ойын өте ұнады.

Бұл ойын арқылы қатысушылар ұлы қолбасшы жайлы қызықты мәліметке қанығып, тарихқа деген қызығушылықтары оянады дейді ұйымдастырушылар.

Ақмарал Елеусізова, «Абылай ханның резиденциясы» мұражай кешенінің қор сақтаушысы:

-Квест ойыны негізінен ойлау қабілетіне байланысты жасырынған әріптерді табу, компьютерде киіз үйді құрау, тізбектеліп берілген тапсырмалардан тұрады. Бұл бізде Абылай ханның экспозициядағы барлық тақырыптарды келушілер бір мезетте таныса алады.

Ойынға барлығы 30-дан астам адам қатысты. Оларға сайыс соңында сюжеттік фотоға түсу мүмкіндігі берілді: Жеткіншектер киіз үй және ұлттық киімдегі қыз бен жігіттің бейнесі бар баннерде суретке түсті.


 

Тоғжан Ақмағамбетова