Білім

Білім беру саласындағы өзгерістер талқыланды

Наталья Петрова – ата-ана:

-Балам «Дарын» мектеп-лицейінде оқиды. Олар жай да ағылшын тілін 1-ші сыныптан бастап меңгеруде. Ал енді барлық сабақтарды 3 тілде оқу қажет пе? Бастауыш сыныпта балғындар орыс тілінде айтылатын кейбір сөздерді түсіне бермейді. Ұстаздар қазақ, орыс, ағылшынша сабақ беруге дайын ба деген тағы бір сұрақ туындайды. Соның жауабын естігім келеді. Мұғалімдер 3 тілде сабақ бере алмайды ғой. Әсересе, химия, физика сынды пәндерді түсіну менің ойымша, қиынға соғады.

Жаратылыстану-математика бағытындағы, яғни, информатика, химия, биология, физика, математика секілді пәндерді ағылшын тілінде оқыту шаралары тек 2019 жылдың 1 қыркүйегінен енгізілмек. Ал оған дейін 4 жылда дайындық шаралары жүргізіліп, ұстаздардың біліктілігі арттырылмақ.

Валентина Черных – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

-Үстіміздегі жылдың 6 маусымынан бастап профильдік лагерьлер жұмысын бастайды. Онда 5-6 сыныптың оқушылары ағылшын тілі бойынша дайындалады. Бұл жеткіншектер 4 жылдан кейін жоғары сыныпқа ауысқанда көмектесетініне сенімдіміз. Лагерь қазақ-түрік лицейінің базасында жұмыс істемек. Тағы барлық жазғы демалыс лагерьлерінде тіл үйрену үйірмелері ашылады.

Саладағы жаңашылдықтар оқушылардың басынан жай түскендей, бір мезетте енгізілмейді. Олар оқыту жүйесіне кезең-кезеңімен кірістірілмек. Сондықтан, өзгерістер болатындығына қобалжыған ата-аналардың күдігі біраз сейілгендей болды.

 

 

Магжан Ахмадина