МТРА жаңалықтары

Жыл басынан Петропавлда 30-ға жуық баланы ит қапқан

Борис Гончаров – облыстық балалар ауруханасы жарақат емдеу және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі:

-Иттен жарақат алғандар саны жыл сайын артып келедi. Әсіресе, балалар көп. Қабағандардың сілекейінен бөлінген у өте қауіпті. Оны дер кезінде жою қажет. Егер де көмек уақытылы көрсетілмесе, онда құтырма ауруын емдеу кеш болады. Айту керек, кейбір кездері ампутация жасауға мәжбүрлік туады. Сол себепті, ата-аналардың мұндай жағдайға бей-жай қарамауларын сұраймыз. Негізі, иттерден зардап шеккендердің емі кемінде 1 немесе 3 айға дейін созылады.

Валентина Дедованың отбасы осыдан бір жыл бұрын иттің лабрадор түрін сатып алған. Есімі – «Граф». Төртаяқтының иелері оны күніне 3 реттен қыдыртуға шығарып тұрады. Жануарлары қабаған болмаса да барлық қауіпсіздік шараларын ұстанамыз дейді нәзікжанды.

Валентина Дедова – қала тұрғыны:

-Барлық керекті екпелерді жасаттық. Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелерін өте жақсы білемін. Оны міндетті түрде ұстанамыз. Өкініштісі, біздің қаламызда иттер мен мысықтарға арналған орындар жоқ. Сол себепті, көшеде, саябақта серуендеуге мәжбүрміз. Кейде кейбір тұрғындардан айғай да естіп жатамыз. Олар қоғамдық жерлерде иттің қыдыруына қарсы.

Жалпы үйде ит немесе мысық ұстауға тыйым салынбаған. Мәселен, «Қалада үй жануарларын ұстаудың тәртiбi» деген нұсқаулық көптен берi қолданыста бар. Иттерге тұмсыққап кигiзiп, қысқа қарғыбаумен арнаулы орынға шығарып қыдырту қаралған. Сол арнаулы орындар Петропалда жоқ. Сол себепті, тұрғындар итiн кез келген жерде серуендетуге мәжбүр. Айта кеткен жөн, кейбір кездері иелері төртаяқты достары үшін айыппұлға да ілігіп жатады екен.

Денис Шерстобитов – СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі профилактика бөлімінің инспекторы:

-ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 408-ші бабында иттер мен мысықтарды қыдырту ережелері бекітілген. Біз сол заңға сай жұмыс жасаймыз. Алдын алу шараларын ұйымдастырып тұрамыз. Белгіленбеген жерде үй жануарларын қыдыртса, иелеріне 3 айлық есептік көрсеткіш, ал адамдарды қапқан иттердің иелеріне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Ағымдағы жылы жергілікті полиция қызметінің мамандары ит пен мысық ұстайтындарға қатысты заң талаптарының орындалмауы бойынша 2 мыңға жуық фактіні анықтаған. Салынған айыппұл көлемі – 450 мың теңгеден асады.

 

 

 

Айгерим Ержанова