Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл-Жезқазған бағытындағы жолдың 10 шақырымы жөнделіп жатыр

-Бүгінде жолдың бір жағының 8 шақырымына жуығы төселген. Ал қалған бөлігінде дәл қазір қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айту керек, бұл асфальтты жол 64 см болатын 5 түрлі қабаттан тұрады.

Салынып жатқан жол екі жолақты. Әрқайсысының ені 9 метр 25 см-ді құрайды. 10 км жолдың бойында бірнеше бағдаршам орнатылып, көліктерге арналған 4 бұрылыс болады деп жоспарланған. Тіпті, мұндай бұрылыс алаңы төрт түлік малдарға да қарастырылыпты.

Байкен Әбдікәрімов – СҚО бойынша «K-DorStroy» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:

-Ипподром маңында малдардың арғы жақтан бергі жаққа немесе керісінше өтуі үшін арнайы 2 жол болады. Тас жолдың ені де ұзартылды. Сонымен қатар, Бескөлде жер асты жаяу жүргіншілер жолы да болған. Ол енді мүлдем жабылады. Яғни, адамдар тек тас жолдың үстімен жүреді. Бәрі талапқа сай жасалынбақ.

Бұл жұмыстарға республика бюджетінен 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті. Бүгінде оның 1 млрд 300 млн теңгесі игерілген.

Байкен Әбдікәрімов – СҚО бойынша «K-DorStroy» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:

-Жол төсеу жұмыстарында біз бұрынғы асфальтты да қолданамыз. Мәселен, қосымша қабаттың 50 пайызы бұрынғы тас жол болатын. Кейін үстіне қиыршық тас, асфальтты бетон, шима төселеді. Жұмысымыз жаңа технология бойынша жүргізіліп жатыр.

Бүгінде мұнда екі ауысыммен 97 адам жұмыс істеп, 60-қа жуық техника жұмылдырылған.

Александр Чупин – СҚО бойынша «K-DorStroy» АҚ автогредер машинисі:

-Мен таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін жұмыс істеймін. Біз алдымен жолды бірыңғайлап, тегістейміз. Бәрін дәлме-дәл әрі нақтылап жасауымыз қажет. Сапаға мән береміз.

Бұл жолды темір тұлпар иелері ағымдағы жылдың соңында толығымен сынап көре алады. Өйткені, мамандар тас жолды 2016 жылдың желтоқсанында қолданысқа беруді жоспарлап отыр.

 

 

 

Айгерим Ержанова