МТРА жаңалықтары

СҚО-да жазғы лагерлер оқушыларды маусымның 10-нан қабылдай бастайды

Мәселен, биыл лагерлердегі материалдық-техникалық базаны жаңартуға облыс бюджетінен 266 млн теңге қаржы бөлінген. Әдеттегідей жетім, мүгедек және әлеуметтік аз қамтылған жанұядан шыққан жеткіншектерге лагерлерде демалу үшін 9 мың 137 жолдама тегін беріледі. Үстіміздегі жылы өңірде 19 сауықтыру орны жұмыс істемек.

Светлана Летучая, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

-Биыл облыста ашылатын лагерлердің біреуі – республикалық , 16-сы облыстық, екеуі жеке меншік сауықтыру орталықтары. Маусым айының басында бұлардың барлығы өз жұмысын бастайды. Бірақ синоптиктермен тағы байланысқа түсіп, ауа-райының қолайлылығына да көңіл бөлеміз.

Жазғы демалыс мекемелері санитарлық талаптарға сай болуы тиіс. Сондықтан, ашылмас бұрын, материалдық-техникалық база дайындалып, таза сумен қамту, кәріздік жүйелерді жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Мұның барлығын санитарлық қызмет мамандары қатаң қадағалауға алмақ. Айту керек, өткен жылы бұл талаптарға сай келмеген облыстағы 6 бірдей сауықтыру лагері өз жұмысын тоқтатқан болатын.

Татьяна Горлова, СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

-Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қыс мезгілінен бастадық. Биыл санитарлық- эпидемиологиялық талаптар қатаңдатылады. Әзірге, лагерьлердің дайындығы көңілімізден шықпайды. Олқылықтарды түзету керек.

Биыл мектеп жанындағы сауықтыру алаңдары маусымның 1-нен жұмысқа кіріссе, лагерьлер оқушыларды маусымның 10-нан қабылдай бастайды.


 

Тоғжан Ақмағамбетова