МТРА жаңалықтары

СҚО-да жазғы ат спорты түрлерінің маусымы ашылды

Ал, бұдан соң көрермен асыға күткен “Құнан жарысқа” кезек келді. 2 жасқа жеткен жануарлар арасындағы бәсеке тіптен қызық өтті. 5 шақырымға шапқан 4 тұлпар ауыздығымен алысып доданың ажарын келтірді. Мұнда Тимирязев ауданының атбегісі – Артем Элленберг 1-інші, ал екінші орынды “Алаң” есімді тор құнанын қамшылаған Ғ.Мүсірепов ауданының азаматы Есдәулет Рыспамбетов иеленді.

Есдәулет Рыспамбетов – жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Мен үшін бәйге қызықты өртті. Аттардың дайындығы мықты болды. Жарыс жолында тұлпарлар бір-бірімен жеңіс үшін тартысты.

Биылғы жазғы ат спорты түрлерінің маусымашар жарысына өңіріміздің үздік 50-ден аса атбегісі қатысуда. Соңғы жылдары теріскейде бәйге десе делебесі қозатын шабандоздардың қатары артқан.

Мұрат Калыков – жарыстың бас төрешісі:

-Біздің облыста ат спорты түрі 2008 жылы ашылды. Содан бастап біз жасөспірімдерді дайындай бастадық. Тұлпарларды түрлі республикалық жарыстарға қостық.

Жалпы, сайыста атбегілер тұлпарларымен 10 бағдарлама бойынша сынға түсті. Оның ішінде тұяқтарымен топырақ төңкерген үлкен жастағы “Желіс аттарының бәсекесі, “Жорға жарыс”, “Топ бәйге”, “Қыз қуу” және 15 шақырымға созылған “Аламан бәйге” бар.

 

 

 

Култанов Байболат