МТРА жаңалықтары

Петропавлда көліктің ескі шиналарын қайта өңдейтін кәсіпорын жұмыс істеп тұр

Талғатбек Ғалеев – “Soltustik rubber recycling” ЖШС директоры:

-Шина шіру үшін шамамен 150 жыл қажет. Бұл өз кезегінде экологияға үлкен зиян келтіреді.

Автомобиль шинасы шикізатқа айналмас бұрын бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен ішіндегі сымдарынан ажыратылады. Кейін бірнеше қондырғыдан өткізіліп, үгітіледі. Соңында мынандай қиқымдар болып шығады.

Бұдан соң мұндағылар қара үгіндіні желім және түрлі түсті бояумен араластырады. Артынша шыланған шикізат түрлі формадағы қалыптарға салынып, үлкен тоңазытқышқа жіберіледі. Мұнда ол бір тәулік тоңазытылған соң, дайын өнімге айналады. Қайта өңделген шинадан міне мынадай ғимараттар мен үйдің табалдырықтарына төсейтін резеңке плиткалар, жол жиектемелерін әзірлеуге болады.

Талғатбек Ғалеев – “Soltustik rubber recycling” ЖШС директоры:

-Біз алдағы уақытта шинадан түйіршіктелген ұнтақтар шығарамыз. Оны жол қабатын төсеген кезде қолдануға тиімді.

Бұл жоба Индустриаландыру картасы аясында былтыр жүзеге асырылды. “Soltustik rubber recycling” ЖШС-гі зауытты жеке қаржыларына тұрғызған. Ал ішін ресейлік қондырғылармен жабдықтау үшін “Даму” қорына жүгініп, жылдық 7 пайыз үстемеақымен 55 млн теңге несие ресімдепті.

Дулат Токушев -“Soltustik rubber recycling” ЖШС қызметкері:

 

-Қондырғыларды басқаруды ресейліктерден үйреніп алдық. Қазір мұнда 8 адам еңбек етеді. Жұмыс қызықты. Жаңа өнім түрлерін шығарудамыз. Олардың сапасы жоғары 15 жыл пайдалануға жарамды. Қазір мұндай резеңке плиткалар Астана қаласындағы балалар алаңқайына төселіпті. Естуімше, олар баланың жарақат алу көрсеткішін 80 пайызға төмендететін көрінеді.

Қазір зауыттағылар Астана, Алматы қалаларының тапсырысын орындап жатыр. Серіктестік басшысы өнімге деген сұраныс аз дейді. Бірақ, бұл жаңа идеяларды жүзеге асыруға тосқауыл емес. “Soltustik rubber recycling” ЖШС келешекте 2 қондырғы сатып алып, мүйізді ірі қара малдың астына төселетін материалды жасап шығармақшы. Оны негізінен Канада, Германия, Нидерланды елдерінің фермерлері
қара малдың аяқ буындары ауырмау үшін қолданады екен. Әрі қыста төсеніште жатқан сиыр сүтті молырақ беретін көрінеді. Олай болса, бұл зат ауылшаруашылығы дамыған біздің аймақ үшін де керек бұйым.

Берік Қасен