Ауыл шаруашылығы

Бескөлдегі “Косяненко” ЖК үйрек балапанының жаңа тұқымын саудалай бастады

Николай Косяненко – “Косяненко” ЖК директоры:

-Біз құрылғыларды үнемі бақылауда ұстаймыз. Автоматты түрде басқарылатын аппараттардың пайдасы өте зор. Оларға салған жұмыртқалардың 70 пайызынан балапан шығады. Негізінен жұмыртқалардың басым көпшілігі кәсіпкерліктегі құстардан жинап алынады. Ал қалғанын жергілікті тұрғындардан сатып аламыз. Биыл біз үйрек және тауық балапандарын тамыз айының басына дейін саудалаймыз.

Ал, мына бөлмеде жұмыртқа жарғандарына 5-10 күн болған балапандар бағылуда. Мәселен, мына тауық шөжелері осыдан 1 жұма бұрын инкубатордан шығыпты. Соған қарамастан олардың жағдайы өте жақсы. Мұндағы мамандар құстарға күндіз-түні бақылау жасайды. Оларға үнемі су құйып, түрлі дәрумендер береді.

Ал, мынау – үйректің “Агидель” және “Сұр Фаворит” тұқымды сары балапандары. Олар туылған күннен бастап пысық келеді. Бұл құстардың бір ерекшелігі – басқаларға қарағанда тез өседі екен. Үйректердің салмағы 42 күннің ішінде 3 келіден асады.

Нина Моисеенко – “Косяненко” ЖК жұмысшысы:

-Биыл біз алғаш рет “Агидель” және “Сұр Фаворит” тұқымды үйректің балапандарын саудалаудамыз. Бұл құстар аз уақыттың ішінде салмақ жинайды. Және қанаттылардың еттері дәмді әрі майлы емес. Жалпы, оларды қазір тұрғындарға – 200, ал тауық балапандарын 80 теңгеден өткізудеміз. Әзірге, құстарға деген сұраныс басым.

Өндіріс ошағы балапандарды біздің өңір мен Қостанай, Қарағанды және Астана қалаларында саудалайды. Сәуір айының соңынан бастап мұндағылар 12 мың құс сатып, 2 миллион теңгеден аса пайда тапқан.

Култанов Байболат