МТРА жаңалықтары

Рұқсат етілмеген жерде суға түскен әр тұрғынға 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады

Қызыл жалын салдарынан 2 жерлесіміз қаза тауып, 200 гектардан аса жер оттың астында қалыпты. Осыған орай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сақтық шараларын бүгіннен күшейтуді қолға алып отыр. Мамандар қазіргі уақытта өңірде тұрғындарға жалпы оттың шығу себептері мен оның алдын алу бойынша түсіндіру акциясын ұйымдастыруда.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бөлім бастығы:

– Біздің мамандар мамыр айында Ресейлік әріптестермен бірге дала және орман өртін сөндіру бойынша оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Ал, қазір өңірде “Өрт қауіпсіздігі” айлығы өтуде. Бүгінге дейін құтқарушылар 76 мың адамға оттың тұтану себептерін еске салып, жадынама қағаздар таратты.

Қазір өңірде орман өртін сөндіруге арналған 16 станция бар. Оларда 600-ге жуық маман қызмет етеді.
Жиында бұдан басқа тағы бір өзекті мәселе – жазғы шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік шаралары жайлы айтылды. Өкінішке қарай, облыста соңғы 6 жылдың ішінде 198 адам суға батқан. Оның 18-і – балалар.

Аскат Ержанов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Суға батып көз жұмған адамдардың саны Петропавл қаласында басым.Өткен жылы облыста 36 адам суға кеткен. Олардың көбісі ішімдік ішкен екен. Енді биыл біз облыстағы әр жағажайды жіті бақылайтын боламыз. Егер де адам мас болып суға шомылып жүрсе онда жағажай иесіне айыппұл салынады.

Сондай-ақ, енді биылдан бастап рұқсат етілмеген жерде суға түсіп жүрген адамдар өздері де 7 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Министрліктің бұйрығымен бекітілген өзгеріс маусымның 1-інен күшіне енеді.

 

Култанов Байболат