МТРА жаңалықтары

Жеңістің 71 жылдығында Жеңіс саябағында бірқатар шаралар өтті

Олар кеудесі орденге толы ардагерлерге зор құрмет көрсетіп, «Жеңіс үшін рахмет» деген ұранмен гүл сыйлап қарсы алып жатты.
Алаңда отты жылдары қаза болған жауынгерлерді еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздік жарияланды. Мызғымас тыныштықтан кейін өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов бастаған қауым Жеңіс стеласының алдына гүл шоқтарын қойды.
Ардагерлер де, майданда бірге болған қаруластарын, көз алдында шейіт болған жауынгерлерді еске алып, қызыл қалампыр гүлдерін ескерткіштің алдына қойып жатты. Қанды қырғын әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Бүгін алаңға шыққан жанның кез келгенін тоқтатып сұрасаңыз майданда ерлік көрсеткен атасы жайлы мақтанышпен айтады. Олардың бүгінгі тілегі бір – аспанымызды бұлт шалмаса дейді.

Әсет Өтегенов:

– Мен тәжік-ауған соғысына қатысып, соғыстың бір ұшқынын көріп қайттым. Біздің еліміз бейбіт, аспанымыз ашық бола берсе екен дейміз.

Әділет Серікбаев:

– Мен бүгін әскери киім киіп келдім. Соғыс болмасын.

Ал, келесі бетте шараға қатысушыларға арналып солдат ботқасы әзірленіп жатыр.

– Мерекеге орай дайындалған әскери ботқаның дәміп татқысы келіп, кезекте тұрған жұртшылықтың қарасы көп. Мұндағылар дәмді тағамды 1500 адамға жететіндей етіп әзірлеген.

Ботқаны әзірлеуге Петропавлда әскери міндетін өтеп жүрген талдықорғандық жас сарбаз Данияр Баймахаш өз үлесін қосқан.

Данияр Баймахаш, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің аспаз-сарбазы:

– Таңғы 9-дан осы жерде жүрміз. Қала қонақтарына, ардагерлер мен қарттарға бірінші үлестіреміз.

Жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасы мереке шырайын аша түсті. Соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, театрланған көріністер қойылды.

Акбопе Танирберген