Без категории

Солтүстікқазақстандықтар “Мәңгілік полк” шеруіне белсенді қатысты

Небары бір сағаттың ішінде Пушкин көшесі адамдарға лық толды. Біразы – қала мен аудан тұрғындары. “Мәңгілік полк” шеруіне Ерәлі Жақыпбеков отбасы мүшелерімен қатыспақшы. Оның әкесі Бүркітбай Жақыпбеков 23 жасында ұрыс даласына аттанып, Ленинград қаласын фашистерден азат етуге үлес қосыпты.

Ерәлі Жақыпбеков:

– Әкем 314-ші атқыштар дивизиясының қатарында Отан алдындағы борышын өтеді. Ленинград қаласын фашистерден азат етуге қатысты. Мен бүгін акцияға зайыбым және немереммен келіп тұрмын.

Аманжол Құсаиновтың да атасы соғыстың куәгері болған.

Аманжол Құсаинов:

– Менің атам Габбас Құсаинов 1941 жыл соғысқа аттанды. 4 жыл бойы ұрыс даласында атты артиллерия взводында болды.

Міне, бізге бейбіт күн сыйлаған аталарымызды ұлықтауға арналған салтанатты шеру басталып та кетті.

Кішкентай балалар мен оқушылар топ арасынан жүгіріп шығып, осы күнге жеткен көзі тірі қарияларға қалампыр гүлдерін ұсынып жатыр.
Бұл шара өңірімізде осымен 3-ші мәрте ұйымдастырылды. 2014 жылы аталған қозғалысқа 1 мыңнан астам солтүстікқазақстандық атсалысса, былтырғысына 5 мыңға жуық адам қатысқан екен. Ал биылғы акцияға келгендердің қарасы одан да көп. Шамамен 7 мың адамға жетіп қалады.

Жеңіс күні мерекесінде мұндай шара еліміздің 8 қаласында өтті. Ресми дерек бойынша, осы күні “Мәңгілік полк” акиясы әлемнің 620 қаласында ұйымдастырылыпты.

Кейінгі ұрпақ батырларымыздың фотосуреттерін ұстаған күйі Пушкин, К.Сүтішев, Қазақстан Конституциясы көшелерімен жүріп өтті. Жерлестеріміз соңғы аялдама -“Даңқ” ескерткішіне жеткен соң, бабалар рухына тағзым етіп, ескерткіш басына қалампыр гүлдерін қойды.

Айсұлу Есенғалиева:

– Менің әкем де қайын атам да соғысқа қатысты. Анам тыл еңбеккері. Өкінішке қарай, ата-аналарымыз ортамызда жоқ. Бірақ біз олардың ерліктерін мәңгі бақи ұмытпаймыз.

Арада ондаған жылдар өтті, ұрпақтар алмасты. Бірақ, сол зұлмат кезеңді ешкім ұмытпайды. Бүгінде бейбіт заман ұрпағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қарыздар. Жастар үшін тәрбиелік маңызы зор шараға Омаровтар отбасы да үлес қосты. Майдангердің ұлы Руслан Омаров шеруге балаларын ертіп келді. Оның қызы Медина Омарова бүгінгі акцияға атасының портретін ұстап келіпті.

Медина Омарова:

 

– Менің атам Отанды жаудан қорғады. Батыр адамның ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын. Мен бұл акциядан жақсы әсер алдым.

Шараға қастысқан жас пен жасамыстың тілегі бір. Аспанда ешқашан бұл үйірілмесін дейді.

Берік Қасен