МТРА жаңалықтары

Петропавлда ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры Александр Викторенко атындағы дипломдар мен медальдар табысталды

Туған жерге жасаған кезекті сапарында Кеңес Одағының Батыры Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіне ат басын бұруды жөн санаған. Залға жиналған қауым жерлесіміздің есімін жүргізушілер атағанда ыстық қошеметтерін жаудырды.
Мінберден сөз алған аймақ басшысының орынбасары Анархан Дүйсенова еліміздің бүгінгі жетістікке жетуіне солтүстікқазақстандықтардың қосқан үлесі зор екенін атап өтті.

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары:

– Құрметті колледждің оқытушылары мен студенттері, сіздердің алдарыңызда бүгінгі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жетуге орасан зор үлес қосқан ардагерлер отыр. Бүгінгі жас ұрпақ солардың өнегесін көріп, өмірін жалғастыратына сенімдімін.

Кейін, ортаға КСРО-ның ұшқыш-ғарышкері Александр Викторенко шықты. Жерлесіміз залға жиналғандарға туған жерге деген ыстық сағынышын жеткізді.

Александр Викторенко – ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, СҚО құрметті азаматы:

– Жеңіс күніне орай өзімінің туған жеріме келдім. Былтыр мерекені Мәскеуде атап өттім. Биыл жерлестеріммен бірге болуды жөн санадым. Шынымды айтсам, қазір туған жерге жеткеніме қуаныштымын. Қазір сіздермен жүздесіп отырғанымның өзі – мен үшін бақыт.

Бұдан соң, Александр Викторенко Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің 8 оқытушысы мен 13 студентіне өз атынан медаль мен дипломдар табыстады. Кеңес Одағының Батыры қолынан марапатқа ие болғандардың бірі – Сымбат Омарова. Аталған білім ордасының 2-курс студенті оқудағы үздік табыстары мен қоғамдағы белсенділігі үшін көзге түсіпті.

Сымбат Омарова – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Мереке қарсаңында КСРО ұшқыш-ғарышкері Александр Викторенко атынан диплом мен медальға ие болдым. Алғысым шексіз.

Жалпы, Александр Викторенко атындағы марапат Петропавл құрылыс-экономикалық колледж ұжымына 15 жылдан бері табысталып келеді. Жиын соңы концерттік бағдарламамен аяқталды.

Култанов Байболат