Қоғам

Орталық алаңда Жеңістің 71-жылдығына арналған концерт өтті

Бұл жеңістің әр қазақстандық үшін маңызы зор. Өйткені, отты жылдары ерен ерлерімізбен, қайсар қыздарымыз жан алысып жан беріскен болатын. Бүгінгі мерекені солтүстікқазақстандықтар орталық алаңда кең көлемде атап өтуде.

Бүгін Петропавлдың басты көшесі – “Қазақстан Конституциясы” бойы қаулаған адамға толы. Оларға арнап жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.

Дәл осы уақытта облыстық кітапхана маңында да мерекелік іс-шара өтті. Мұнда жерлестеріміз стендтерде жазылған Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағы Батыры атанған 12 бірдей солтүстікқазақстандықтың өмірбаянымен таныса алды.
Сондай-ақ, Жеңістің 71 жылдығын тойлау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы алдында да жалғасты. Бұл жерде тұрғындарға соғыс жылдарын суреттейтін жарылғыш заттар алаңы, жауынгерлердің медициналық күркесі көрсетілді. Ал, мұражайдың ішінде әскери-тарихи көрме жұмыс істеді. Көздің жауын алатын мына туындылар сол кездегі танк, ұшақ, кеме және қару-жарақтардың көшірмесі болып табылады.

Ирина Горбацевич – облыстық тарихи-өлкетану мұражайының маманы:

– Бұл жұмыстардың барлығы қағаз, картон және пластинкадан жасалған. Жергілікті 4 автор көрмеге қойылған 65 жәдігерді жасауға 1 жарым ай уақыттарын жұмсады. Бұл жерден әлемге әйгілі ұшақтар мен машиналардың көшірмелерін көруге болады. Мәселен, солардың бірі – Т-34 танкісі.

Ал, қаламыздағы мәдениет және демалыс саябағында белсенді жастар Жеңістің 71-жылдығына арнап денсаулық акциясын ұйымдастырды. Еріктілер шарада соғыстың аяқталғанына 25 934 күн толуына орай осыншама рет қолдың күшімен кеудені жерден көтерді.

 

Култанов Байболат