Қоғам

9 мамыр күні Петропавлда автошеру өтті

Жүргізушілер қос дөңгелекті көліктерін мерекелік акцияға сайлап алған. Мотошеруді бастайтын – Игорь Долгорожов.

Игорь Долгорожев – «Свободы мотосоюз» мотоклубының мүшесі:

– Менің екі атам майдан даласында соғысты. Ал қос әжем тылда еңбек етіп, Жеңістің жақындауына өз үлестерін қосты. Мен батыр ата-бабаның ұрпағы екендігіме қуаныштымын.

Жалпы биылғы акцияға мотоцикл тізгіндеген 40-қа жуық байкер қатысуда.

Ал жыл сайын ұйымдастырылатын автошеру биыл аэропорт маңынан басталмақ. Түрлі-түске боялған көліктер танкілер мен зеңбірекке ұқсас етіліп жасалған. Мәселен, Максим Снегирев бір түн ішінде «Тойота Марк-2» көлігін «Т-34» танкісіне айналдырған. Ол үшін ол пластмасса леген мен гуашь бояуын пайдаланыпты.

Максим Снегирев – автошеруге қатысушы:

 

– Өткен жылы қасымда әжем де болды. Биыл да ол бұл шарадан қалыс қалмады. Соғыс туралы біз сол кісіден білеміз. Үнемі өз естеліктерімен бөлісетін. Біз ардагерлерімізді құрметтеуіміз керек. Биылғы шеруге мен әйелім мен баламды да ертіп келдім.

Сонымен, қатысушылар дайын. Жүргізушілер көліктерін оталдырып, Жамбыл Жабаев көшесіне жол тартты. Ол жақтан шерушілер Ярослав Гашек көшесіне дейін жүріп өтпек.

–  Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған автошеруге 30-ға жуық мотоцикл мен 100-ге тарта машина жиналды. Акцияның соңғы нүктесін олар Жеңіс саябағы маңында қойып, бағдарламаларын мерекелік шараға ұластырды.

Айгерим Ержанова