МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданына қарасты Надежка селосында ардагерлерге арналған ескерткіш ашылды

Дәл осы білім ошағының жанында бірнеше жылдар бұрын Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлерге арналған ескерткіш болыпты. Қазір ол бұзылып, орнында ешбір тас та қалмаған. Сондықтан, елді мекен тұрғындары Жеңіс күні қарсаңында жаңадан мына обелискіні тұрғызған.

Әсемгүл Исенова – Надежка негізгі мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Селода өткен бір жиында үлкендер ардагерлер рухы үшін ескерткіш тұрғызу жайлы әңгіме қозғады. Елді мекен тұрғындары оны қостап, барлығымыз мүмкіндігімізше ақша жинаймыз деп шештік. Кейін адамдардан 120 мың теңгеге жақын қаражат жиналды. Оған мынандай тамаша ескерткіш тұрғыздық.

Жалпы, бұл шағын ескерткіштің биіктігі 2 метрден асады. Обелискінің жанындағы баннерлерде селодан майдан даласына аттанған 305 адамның аты-жөні жазылыпты. Олардың ішінде соғыстан аман оралған 53 ардегердің есімі де бар. Солардың бірі – елді-мекен тұрғыны Матрена Меркучеваның жұбайы Влас Меркучев. Отағасы осыдан 17 жыл бұрын қайтыс болған.

Матрена Меркучева – Надежка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Күйеуімді 41-жылдың қысында соғысқа алып кетті. Оның қай жерде соғысқанын білмеймін. Ұмытып қалыппын. Кейін ол майдан даласынан аман оралды. Қателеспесем үйге 45-ші жылдың соңында келді ау деймін. Бүгін селода ардагерлердің рухына арналған ескерткіш ашылып жатыр. Майдангерлерді ұмытпаған жұртқа ризашылығымды білдіремін.

Қазір селода 300-ден аса адам тұрады. Өкініштісі, кезінде соғыстан аман-есен оралған 53 ардагердің бүгінде біреуі де қалмаған.

Култанов Байболат