Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов ҰОС ардагерлерін үйіне барып құттықтады

42 жылдың күзінде Ташкент пулеметшілер училищесіне қабылданып, алғаш рет 43 жылдың жазында Курск доғасындағы ұрысқа қатысады. 53-ші Армия қатарында Белгород, Харьков, Полтава және Украинаның жау қолындағы өзге де қалаларын азат етуге атсалысқан.

Қасым Жүнісов – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Украинадағы ұрыс даласында екі ағымнан жараландым. Қасымдағы сарбаздардың барлығы қаза тапқан. Мен ес-түссіз қақаған аязда 5 сағаттай жатып қалдым. Есімді жиған кезде хирургтер ағымды кесейін деп жатыр екен. Мен оларға рұқсат бермедім. Емделіп шығып қайта ұрыс даласына аттандым.

Үйге жеңіспен оралған Қасым атамыз еңбек жолын тарих пәні мұғалімінен бастап, өткен ғасырдың 50-жылдары мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне еңбек еткен. Партиялық жұмысқа да араласыпты. Бүгін майдангерді Ұлы Жеңіс мерекесімен өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов құттықтады. Аймақ башысы дастархан басында Отан үшін от кешкен қарияға алғысын айтып, гүл шоғы мен жеміс-жидек толы себетті тарту етті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіз еліміздің дамуына зор үлес қостыңыз. Мектепте мұғалім, бірнеше партия жұмысына араласқаныңыздан хабардармын. Қазір Елбасы ел ішіндегі тыныштықты сақтауға айрықша көңіл аударуда. Біз бейбітшілікті сақтау үшін қолдан келгенімізше үлес қосамыз. Сіздерді ұрпаққа үлгі етеміз.

Осы күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов Ұлы Отан соғысының ардагері Сергей Пресняковтың да үйіне барды. Жас кезінен Отан қорғауға аттанған ол әскери тәрбиемен есейген. Атамыздың қазір құлағының мүкісі бар, көзі нашар көреді екен. Сонда да аркідік ойын сергітіп тұру үшін түрлі әдебиттер оқиды, Туған жер, тарих, майдангерлер туралы қалам тербейді. Бүгінде Сергей Пресняков – “Геройка народая”, “Дорогами краеведа” деп аталатын еңбектердің авторы. 2007 жылы майдангердің есімі Қазақ жерінің зиялы азаматтары ғұмырнамалық жинағына еніпті.

Сергей Пресняков – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Мәскеу түбіндегі шайқасқа, Солтүстік Батыс майданына қатыстым. Соғыста жарақат алғаннан кейін НКВД-ның әскери бөлімінде қызмет еттім. Мен Жеңіс күнін – Ұлы мерекелердің бірі деп есептеймін. Кейінгі ұрпақ тарихта болған оқиғаларды ұмытпау керек. Біз қиын жылдарды басымыздан өткердік. Сол зұлмат соғысты кейінгі ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздер қиындықты көп көрдіңіздер. Кейінгі ұрпақ Отанды жаудан аман алып қалған ардагерлерден үлкен өнеге алады. Сіз Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалайсыз. Қазақстан тарихы, ел Тәуелсіздігі туралы мақалаларыңызды оқыдым.

Ардагер атамыз қазір Қазақстанның тәуелсіздігі туралы кітап жазып жатыр екен. Ерік Сұлтанов майдангердің еңбегін баспадан шығарып беруге көмектесетінін айтты. Сергей Пресняков биыл 94 жасқа толды. Соғыс ардагерінің 24 әскери медалі мен 6 ордені бар.

Берік Қасен