МТРА жаңалықтары

Жыл басынан облыста 200-ден артық өрт оқиғасы тіркелген

Өрт сөндіру қызметкерлері аудандағы әр үйге кіріп, қызыл жалынның тұтану қаупін алдын ала түсіндіруде

Мамандардың айтуынша көп жағдайда өрттің тұтануына тұрғындардың өздері кінәлі болып жатады. Олардың бірі электр сымдарын дұрыс тартпаса, енді бірі пешті салу кезінде тиісті нормаларды сақтамайды. Жұмысшы кентіндегі мына баспана осыдан 1 ай бұрын отқа оранған. Абырой болғанда адам өлімі тіркелмепті. Әзірге қызыл жалынның шығуы жолдары тексерілуде. Ал, осы ауданда 12 жыл бойы тұратын Жамбыл Нукебаева сақтық шараларын басты назарда ұстаймыз дейді.

Жамбыл Нукебаева – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

– Біз өзіміздің үйге пешті жанадан салдық. Электр сымдарын ауыстырдық. Үйде барлығын дұрыстап, жөндеу жұмыстарын жасадық.

Петропавл қаласында үстіміздегі жылдың 4 айы ішінде 77 өрт оқиғасы тіркелген. Қызыл жалыннан 3 адам қаза тауып, 4 жерлесімізді күйік шалыпты. Тілсіз жауды болдырмас үшін мамандар өңірде сәуірдің 25-і мен мамырдың 25-і аралығында “Өрт қауіпсіздігі” айлығын өткізуде.

Әзімхан Мерғасымов – Петропавл қалалық ТЖБ инженері:

– Біз осы 1 айға созылатын “Өрт қауіпсіздігі” айлығы барысында тұрғындарға жаднама қағаздар таратамыз. Олармен кездесіп тілсіз жаудың тұтану жолдарын айтамыз. Өкінішке орай бұл жұмыстар аса нәтиже беріп жатқан жоқ.

Облыс аумағында жыл басынан 206 өрт оқиғасы орын алған. Тілсіз жаудың кесірінен мемлекетке келген шығын көлемі 24 млн теңгеден асады.

 

Култанов Байболат