МТРА жаңалықтары

СҚО сотының қызметкерлері ҰОС-да шейіт болған жауынгерлерді еске алды

Бұл облыстық сот қызметкерлерінің жылдағы дәстүрі. Олар отты жылдары етікпен қан кешіп, майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етуде. Бүгін сұрапыл соғыста Отан үшін жан бергендерді еске алуға облыстық соттың ардагері Мария Лобода да келді. Оның атасы Семен Лобода ел басына күн туғанда атқа қонған екен. Өкінішке қарай елге оралмапты.

Мария Лобода – сот жүйесінің ардагері:

– Менің атам әскерге Дмитриевка селосынан шақыртылды. Ол Сталинград блокадасында соғысты. Кескілескен ұрыстың аяқталуына 1 күн қалғанда Покровское көшесінде қаза тапты. 9-шы мамыр біздің отбасы үшін үлкен мереке. Себебі жерімізге жау баса-көктеп кіргенде қолдарына қару алып қорғанған майдангерлер кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлады.

Бұдан соң Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған іс-шара акт залда жалғасты. Жиын барысында СҚО сотының төрағасы Мұратғали Әкетай сот жүйесінің ардагерлері мен судьяларды мерекемен құттықтап, бейбіт күнді сыйлаған майдангерлерге алғыс білдірді.

Мұратғали Әкетай – СҚО сотының төрағасы:

– Ұлы Отан соғысы жылдары азаматтардың көрсеткен ерліктері ешқашан ұмытылмайды, жүрегімізде мәңгі сақталады. Бұл Жеңіс келешек ұрпаққа бейбіт өмір сүруге мүмкіндік берді. Біздің ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне алғысымыз шексіз.

Мерекелік іс-шара 6637 әскери бөлімі оркестрінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Айгерим Ержанова