МТРА жаңалықтары

СҚО-да мақсатсыз пайдаланылған жерлер мемлекет қорына қайтарылуда

Тұрғындар арасында лезде тарап кеткен жаңсақ, кереғар пікірді түзету үшін ведомство басшылары жер-жерде ақпараттандыру шараларын күшейту үстінде. Мысалы, бүгін жер қатынастары басқармасының басшысы Есенгелді Кәрібаев журналистерге заңдағы жаңа нормалардың артықшылықтарын түсіндірді.

Есенгелді Кәрібаев -СҚО жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Жеке және заңды тұлғалар жерді аукцион арқылы сатып ала алады. Бәс саудаға білікті аукционерлер қатысады. Бастапқыда ағылшындық тәсілмен жердің бағасын кадастрлық құнынан жоғары қоямыз. Егер ол өтпесе жердің бағасын арзандатамыз. Тек ол нарық бағасынан 50 пайызға төмен болмауы тиіс. Ел азаматтары қарызды 10 жылға бөліп төлей алады. Биыл облыс аумағында 32,5 мың Га жер бәс саудаға қойылмақ.

Орташа есеппен алғанда, бір гектар ең құнарлы егістік жердің базалық ставкасы 55 600 теңге, ал бір гектар жайылымдық жердің құны 12 800 теңге болып бекітілді. Аукционда оның типі, құрамы мен құнарлылығы көрсетіледі.
Серіктестік басшылары Серік Малаев пен Анатолий Рафальский жер кодексіндегі жаңашылдықтар шаруақор азаматтар мен ел экономикана серпін береді деген пікірде.

Серік Малаев – “Ақселеу” ЖШС жетекшісі, Ғ.Мүсірепов ауданы:


– 10 жылдың ішінде шетелдіктердің жерге салған инвестициясы ақталмайды, Сондықтан оларға 25 жыл берілгені дұрыс деп есептеймін. Шетелдіктерге жер беру керек, олар жаңа технологияларын енгізеді.

Анатолий Рафальский – “Тайынша Астық” ЖШС жетекшісі, Тайынша ауданы:

– Заңдағы нормаларды қате түсінбеңіздер. Мұның барлығы халықтың қамы үшін, шаруалардың әл-ауқатын көтеру үшін жасалып жатыр. Бұрындары біз жерді 49 жылға алға алып келдік. Бұл жақсы. Бірақ жер жеке меншігіңде болғанға не жетсін. Жер фермердікі болса, ол ертеңгі күнге сеніммен қарайды, өз жеріне ұқыпты қарайды. Бұл тақырыпты аграрийлер көптен бері қозғап жүрген және жерді сатып алу олардың арманы болатын. Бұл сөздің шындығы.

Жиында мәлім етілгендей, тұрғындарға тиесілі жерге ешкім қол сұға алмайды. Жерлестеріміз кезінде пайға алған жерлерін біріктіріп, қажетінше шаруа қожалығын немесе ЖШС-гін құра алады.

Қазіргі таңда жерді тиімді пайдаланбаған компаниялардан сот тәртібімен жерлер жаппай мемлекетке қайтарылып жатыр. Ведомство басшысы Есенгелді Кәрібаевтің мәліметінше, аты шулы ресейлік “Богви” және ТрансАвто компанияларынан жалпы аумағы 164 мың Га-ды құрайтын жер қорға қайтарылды. Қазір аталған серіктестіктерге қатысты сот процестері жалғасуда.

Абзал Құрманкин – “Астана” телеарнасының тілшісі:

 

– Инвесторлар құйтырқы жолмен Қазақстан жерін сатып алған жағдайда не болады.

Жер учаскелері – жеке, заңды тұлғалар мен шетелдіктерге бекітілген шамада беріледі.

Берік Қасен