Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар алдағы қос мерекені кең көлемде атап өтпек

Биыл 16 мың шаршы метр жерге 640 мың түп гүл отырғызылады деп жоспарланған. Қазір мереке қарсаңында Н. Погодин атындағы орыс драма театрының алды, Жеңіс саябағы, Мәңгілік алау, 314 атқыштар дивизиясы мен Қуғын-сүргінге ұшырағандарға арналған ескерткіштердің маңына 65 мың гүл көшеттерін отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Гүлзарлар түрлі оюлармен көмкеріліп, арнайы дизайн бойынша көгалдандырылады.

Антонина Сулеин, “Коммунхоз-Петропавл” ЖШС бригадирі:

– 4 мамыр күні қаламыздың белгіленген жерлеріне гүл егуді бастадық. Бүгін Мәңгілік алау мен Қарасай және Ағынтай батырлар ескерткіштерінің маңына гүл көшеттерін отырғызудамыз. Өсімдіктердің дені – тагетис және ақ, қызыл, күлгін түсті петуниялар. Өйткені, олар біздің ауа райына төзімді келеді. Маусымдық гүлдер қыркүйек айына дейін өсіп тұрады.

Ал, мереке күндері қандай шаралар ұйымдастырылмақ? Отан қорғаушылар күні таңертең Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталып, орталық алаңда өтетін “Отанға қызмет етемін” атты мерекелік іс-шараға ұласады. Одан бөлек, 15:00-де өңір палуандарының қазақ күресінен “Қызылжар барысы” ұйымдастырылмақ. Келесі күні “Мәңгілік естен кетпес отты жылдар!” атты концерт өтеді. 9 мамыр күні де облыс орталығында ауқымды іс-шаралар жоспарланып отыр.

Алия Бейсенова, Петропавл қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған мереке қаланың барлық алаңдарында, саябақтарында өтеді. Бұл күні 700-ден астам қала тұрғыы “Мәңгілік полк” акциясына қатысады. Ал түнгі сағат 23.00-де Жеңіс саябағында от шашу болады.

Айта кетейік, мамырдың 8-і күні сағат 18:00 – де Н.Погодин атындағы орыс драма театрында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Абдуллиннің шығармашылық кеші өтеді. Жеңіс күні мерекесіне арналған концертке кіру тегін.

Тоғжан Ақмағамбетова