Бұл жұмысқа олар сонау 54-ші жылдары кіріскен. Сатып алынған мына 5 сотық жерде үлкен төбе болған. Уақыт өте келе ол үгіліп, ыдырай бастапты. Кейін Анвар Файзулин үйінің маңына ағаш егіп, гүлдендіруге кіріскен. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын ер азамат шағын бекініс тұрғызуды қолға алады. Шебердің айтуынша, бұл дөңнің жылжуына тоқтау болатын көрінеді.
Анвар Файзулин – қала тұрғыны:
– Мұндай мұнараларды жасау үшін асбест құбырларын, тас пен кірпіштерді, цемент пен ерітіндіні және шифер материалын пайдаланамыз. Ал бастысы, қимыл болу керек. Тарихқа деген қызығушылығым да бар. Сол себепті, византиялық бекіністерге ұқсатып жасаймын көбіне.
63 жастағы қала тұрғыны бұл істі ұлдары Рустам мен Русланға да үйретуде. Қолда бар материалдан олар осындай әдемі туындылар жасап тұрады. Ал бертіндері мұнда 5 шам орнатылып, жарық қосылған. Айта кеткен жөн, бүгінде бұл жердің биіктігі шамамен 10 метрді құрайды.
Анвар Файзулин – қала тұрғыны:
– Алдымен төбенің бөктерін тегістеп, нығыздаттық. қоқыстан арылттық. Бетін таспен жауып, бетон орнаттық. Мұның да өз технологиясы бар. Негізі мен көлік жүргізудің шеберімін. Ал бекіністер салу – бос уақытымда айланалысатын сүйікті ісім. Өзіме ұнайды. Балаларым да қасымда жүріп, үйреніп келеді. Немерелерімді де осы өнерге баулысам деймін.
Ертегілер әлеміне ұқсайтын аулада шырша мен қарағайдың бірнеше түрі және шие, алхоры мен таңқурай ағаштары да отырғызылған. Анвар Файзулиннің айтуынша, үйдің маңынан өтіп бара жатқан әр тұрғын осы жақтан көз алмайды екен. Ал аса қызығушылық танытқандарға отағасы шағын экскурсия да ұйымдастырып тұрады.
Айгерим Ержанова