МТРА жаңалықтары

ҚР Ұлттық ұлан Әскери институтында мектеп оқушыларына арналған ашық есік күні өтті

Қаламыздағы 30-ға жуық білім ордасынан жиналған жастар бүгін ҚР Ұлттық ұлан Әскери институтына экскурссия жасамақ. Олар шарада әскери көліктерге отырып, қару-жарақтың бірнеше түрін ұстап көрмек.

Жұмабек Ахметов – ҚР Ұлттық ұлан Әскери институтының бастығы:

– Бүгін біз өзіміздің білім ордамызда дәстүрлі мектеп оқушыларына арналған ашық есік күнін өткізіп отырмыз. Бұл іс-шараны 7-мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9-мамыр ҰОС жеңісінің 71 жылдығына арнадық. Шарада жастар әскери жауынгердің өмірімен толықтай таныса алады.

Міне, мектеп оқушылары командир бұйрығынан соң алаңдағы нысандарға аттанды. Олардың бірі ҚР Ұлттық ұлан Әскери институт курсанттарының спортта жеткен жетістіктерін тамашалауда. Ал, мына бір топ әскери қаруларды көруге асық. Жастарға мұндағылар автомат бөлшектерін анықтап түсіндіруде.

Мына бір жерден әскери қару-жарақтардың сан түрі табылады. Олардың арасында алыс қашықтыққа ататыны, тіпті ұрыс алаңында танкіні бір оқпен-ақ істен шағаратыны бар. Мәселен, солардың бірі – РПГ-7 гранатаатқышы.

–  Менің алдымда ұңғысы 40мм РПГ-7 гранатаатқышы тұр. Бұл қарудың салмағы 7 келіге жақын. Гранатаатқыштан ұшқан оқ 500 метрге дейін жетеді.

Сондай-ақ, экскурссияда жастарға курсантардың киім-кешектері мен оларға берілетін күнделікті ас мәзірі көрсетілді. Мұның барлығы мектеп оқушыларының көңілінен шықты.

Кейін кезек, әскери техникаларды тамашалауға тиді. Бұл көліктер әсіресе кішкентай балғындарға өте қызықты болды. Олар БТР-80 ауыр машинасының ішіне кіріп, барлығын өз көздерімен көрді. Шара соңында 200-ге жуық мектеп оқушылары жауынгер ботқасынан дәм татты.

 

Култанов Байболат