МТРА жаңалықтары

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетелдіктерге сатылмайды

Агроқұрылым қарамағында 10 мың Га жер бар. Басым бөлігі – жергілікті тұрғындардың жері, қалған 3 мың Га-рын серіктестік 2040 жылға дейін мемлекеттен жалға алыпты. Биыл серіктестік 10 мың гектарға әдеттегідей дәнді және жем-азық дақылдары мен жүгері отырғызбақшы.

Борис Калугин – “Якорь-СК” ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:



– Биыл біз мемлекеттен жалға алған 3 мың гектарды сатып алмақшымыз. Бұған заң аясында шілденің 1-інен бастап елімізде рұқсат беріледі. Жер кодексінде көрсетілгендей, жер учаскесін кадастрлық құнының 50 пайызын төлеп сатып алуға болады немесе қарызды 10 жылға бөліп төлеу механизмі қарастырылған. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өте тиімді. Егер жер шаруалардың меншігіне өтсе, олар оған жақсы күтім жасайды.

Қазіргі таңда өңірімізде ауылшаруашылығы мақсатында жерлердің жалпы аумағы 7 млн 28 мың гектарды құрайды. Оның 4 млн 873 мың гектардан астамы егістікке қарастырылса, қалған 2 млн 79 мың га-ры – жайылымдық жерлер. Осы ретте айта кетейік, бүгінде 6 мың 175 Га-дан астам жер жекеменшікке өткен. Биыл 480 мың Га аукционға қойылады. Оны отандастарымыз электрондық тәсіл арқылы сатып ала алады. Мамандар барлық үрдіс заңды әрі ашық өтетіндігіне кепілдік беруде.

Борис Калугин – “Якорь-СК” ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

– Менің ойымша, жерді аукционға қою арқылы бізге шетелдік инвесторларды тартудың да қажеті болмай қалатын шығар. Еліміздегі игерусіз бос жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді отандастарымыздың өздері-ақ сатып алады.

Жер кодексіндегі өзгерістерге сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалға алған жерінің пайдалану мақсатын қажетінше өзгерте алады.

Жомарт Еркін – СҚО- жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Егер фермер немесе ЖШС-нің басшысы жалға алған жерінде жылыжай, малға арналған қора-қопсы тағы да басқа нысандар тұрғызамын десе өз еркі. Оған бұрынғыдай жерді пайдалану мақсатты өзгерту үшін түрі инстанцияны аралап, рұқсат алудың қажеті жоқ. Осыған қатысты барлық әкімшілік кедергілер
шілденің бірінен алынып тасталады. Кейбір тұрғындар құрылтайшы компаниялардың құрамынан шығамын десе оған жерді сатып алудың қажет жоқ. Тек жер учаскесін қайта өз атына ресімдеп алса болғаны.

Мамамандар босқа даурығудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетелдіктерге сатылмайды деді.

Жомарт Еркін – СҚО жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға сатылмайды, тек 25 жылға жалға беріледі. Ол жерді тыңайтып, күтіп ұстауға міндеттеледі. Және жер қатынастары бөліміндегілер мен жер инспекциясының мамандары тоқсан сайын шетелдіктер жалға алған жердің мақсатты пайдаланылуын тексеріп, жергілікті атқарушы органдарға есеп беріп отырады.

Осы тұста айта кетейік, жерді межелі уақытында сатып алмаған аграрийлердің жері мемлекетке қайтарылады.

Берік Қасен