Без категории

95 жастағы ардагер А. Митронин Ұлы Отан соғысында 3 рет жараланған

4 жылдық қан төгісті басынан аяғына дейін өткерген қарияның қазір сырқырамайтын буыны жоқ, құлағы еміс-еміс естиді. Біраз естеліктер мен қаруластардың есімдері естен шықты дейді. Бірақ, 100-ге жақындаған ол өзі құрамында шайқасқан 1-ші Белорус фронты, 12-ші гвардиялық дивизия мен 37-ші атқыштар полкін ұмытпаған екен.

Алексей Митронин, ҰОС ардагері:

– 1941 жылы Алматыда жаяу әскер училищесінде оқып жүрген жігітпін. Соғыс басталысмен бірінші кезекте бізді майдан даласына жіберді. Менің дәл сол шақтағы арманым офицер-лейтенант шенін алу еді. Орындалды. Рота, кейін батальон командирі болдым. Балтық маңы, Польша, Кеннигсберг жерлерін жаудан азат еттік.

Рота командирі Алексей Максимович Орлов-Курск доғасы шайқасында снарядтың жарықшағы тиіп аяқ-қолы жараланып, екі рет госпитальге жатып шыққан. 1943 жылы Орталық фронтқа ауыстырылып, Германия түбінде соғысады. 44-ші жылы «үздік ұрыс қимылдары үшін» 10 күнге ауылға демалысқа да жіберіліпті. Сонда бір шаңырақтан үш боздақты қан майданға аттандырған шешемнің қуанышында шек болған жоқ дейді, қарт жауынгер.

Алексей Митронин, ҰОС ардагері:


–  Советское деген селоданмын. Бұл Тораңғұл көлінің маңайында. Кеудем орден-медальға толы келгенімді күллі ауыл болып қуанып, әке-шешем қарсы алды. Одан кейін соғысқа қайта кеттім. Польшаны азат етуге қатысып, тағы да аяғымды жарақаттап госпитальге түстім. Осы кезде соғыс біткенін естідім. Қатты қуандым. Осылайша үш рет жарақат алған мені 45-ші жылы мамырдың 25-інде ауылға жіберді. Кейін Украина жеріне барып қызмет еттім. Ол жақта отау құрып, жұбайыммен Отанға оралдым.

Соғыстан келгесін де әскери салада еңбек еткен Алексей Максимович – қазір отставкадағы подполковник. Осыдан 12 жыл бұрын зайыбы дүние салып қазір жалғыз тұрады. Бірге тәрбиелеген 4 баласынан 5 немере, 9 шөбере сүйіп отыр. Бала-шағаның барлығы Жеңіс күнінде ардагер әкелерін құттықтап келеді.

Акбопе Танирберген