МТРА жаңалықтары

Үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсанына Қазақ саңыраулар қоғамы 48 млн теңгенің тендерін ұтып алды

Тігіншілер республикамыздың қорғаныс министрлігі ұлттық ұланының тапсырысын орындауда. Уақыт тығыз. Өйткені, берілген мерзім небәрі екі апта ғана. Сол себепті ұсташы ер адамдар тігін машинасының басында отыратын әйелдерге қолғабыс етуде. Солардың бірі – Қайыргелді Қаражігітов. Оның бұл салада 40 жыл еңбек өтілі бар.

Қайыргелді Қаражігітов – Қазақ саңыраулар қоғамының Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорнының ұстасы:

– Мен бұл жерде 1971 жылдан бастап жұмыс істеймін. Өзіме ұнайды. Жалақыны уақытылы аламыз. 45 жыл бойы мұндағы тігін машиналарының жағдайы менің мойнымда. Егер де олар істен шықса, онда бірден олқылықты жоюға тырысып келемін.

Айта кеткен жөн, бұл кәсіпорындағы жұмысшылардың дені – есту кемістігі бар жандар.

Анастасия Руденко – Қазақ саңыраулар қоғамының Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорнының тігіншісі:

– Мұнда мен 2011 жылы жұмысқа тұрдым. Іс тіккен ұнайды. Сондықтан, бізге келген әр тапсырысты жылдам әрі сапалы орындауға тырысамын. Негізінде бұл жерде қызмет ету маған жеңіл.

Дәл қазір мұнда 16 тігінші 35 мың дана жастықтың тысын тігуде.

–  Міне, мынадай жастық қаптың біреуін тігу үшін мұндағы мамандар шамамен 6 минут уақытын кетіреді. Ал бір жұмыс күнінде олар 120 тыс әзірлеп шығарады екен.

Бұл кәсіпорын жыл сайын байқауларға қытысып тұрады. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанына олар 48 млн теңгенің тендерін ұтып алған.

Игорь Мироняк – Қазақ саңыраулар қоғамының Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры:

– Біз орындайтын тапсырыстың дені ҚР Ұлттық гвардиясынан, Қауіпсіздік комитетінен, Қарулы күштерден келіп түседі. Былтыр біз 128 млн теңгенің өнімін шығардық. Негізі біздің кәсіпорында 100 адам қызмет ете алады. Бірақ, қазір тек 40 адам жұмыс істеуде. Өйткені, тапсырыс аз.

Кәсіпорындағы тігіншілер төсек орыннан өзге дәрігерлер мен әскери азаматтардың және кішкентай балалардың киімдерін тігеді. Бұл жерде тауардың 100-ден астам түрі шығарылады. Мынадай жылы сырт киімді өткен жылы е су қоймаларында еңбектенетін мамандарға жіберген. Тапсырыстар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп түседі екен.

Надежда Завьялова – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:


–  Мемлекеттік тапсырысты иелену үшін кәсіпорындар тендерге қатысады. Бірақ, ең бірінші байқау мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған қоғамдық бірлестіктер арасында өткізіледі. Яғни, заңда көрсетілгендей мемлекеттік тапсырыстың 51%-ын мүгедектер орындаулары қажет.

СҚО-нда 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Бүгінде оның тек 17 мыңы ғана еңбекке жарамды.

Айгерим Ержанова