Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” командасы көш бастады

Бұған дейін олар ҚР кубогінің іріктеу сынында бақ таластырған болатын. Онда теріскейліктердің айы оңынан туған. Енді қос команда бірінші лиганың 4-ші туры аясында кездесіп отыр. Ойынның басынан-ақ алаң иелері басымдықты өз қолдарына алды. Бірнеше тактикалық шабуылдар ұйымдастырып, қарсылас қақпаны торауылдауда. Ойынның 6-шы минутында Аслан Жанұзақов ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, өзінің жеке шеберлігінің арқасында допты тоғыздыққа топ еткізіп, қызылжарлықтарды алға шығарды.

Бұл голдан кейінде қос қақпа алдында бірнеше қауіпті сәттер орын алды. Түрлі стандарттық жағдайларда болды. Бірақ екі команданың қорғаушылары сүреңсіз ойын өрнегін көрсетті. Осы қарқында бірінші тайм өз аяғына келіп жетті.

–  Жігіттер жарап-ақ тұр. Бірінші болып есеп ашты. Осы қарқыннан таймау қажет.
ауд. Ойыншылар көптеген қауіпті сәттер туғызды. Бірақ оны аяқтайтын футболшылар жоқ. Соққыларды бағыттағанда сәл дәлдік жетіспейді. Дегенменде біз алдамыз.

Екінші таймда қонақтар аздап болса да шабуылдарына қарқын қосты. Керек десеңіз теріскейлік қақпашымен жеке дара шығыпта үлгерді. Бірақ жас ойынша Тимурбек Закиров сәтті ойнап, өз қақпасын құлыпта ұстауда.

Ал сен соқпасаң саған соғады қағидасын ұстанған қызылжарлықтар қонақтарды екінші мәрте қапы қалдырды. Бұл жолы 62-ші минутта шабуылшы Сергей Струков діттегеніне жетті.

Екі бірдей гол жіберіп алған қонақтар ызаға булығып, өткір шабуылдарға көшті. Алайда ойлағандарынан түк шықпады. Осылайша төрешінің ысқырығы шалынып, кездесу 2-0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.

Али Алиев – “Қызыл-Жар СҚ” ФК жартылай қорғаушысы:

– Бұл ойынның оңай болмайтынын білдік. Себебі бұған дейін Қостанайда ел кубогі аясында Тобылға қарсы кездесу өткіздік. Ол матч 120 минутқа созылғандықтан физикалық тұрғыда шаршадық. Бірақ, алаңда допқа барынша таласуға тырыстық. Діттегенімзге жеттік.

Бұл жеңістен соң жерлес спортшылар турнирлік кестеде 10 ұпаймен көш бастады. Кездесуден кейін баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, қос команданың бас бапкерлері өз ойларымен бөлісті.

Рафаэль Хамидуллов – “Шахтер-Болат” ФК бас бапкері:

– Ойын жайлы айтатын болсам, біз өз құрған жоспарымызды ұстануға тырыстық. Командада ойыншылардың 90 пайызы жастар. Оның үстіне “Қызыл-Жар СК” тәжірибелі футболшылармен жасақталған. Әрбірі ойын тізгінін өз қолына ала алады. Әрине оларға қарсылық көрсету қиын болды. Нәтижені өздеріңіз көріп тұрсыздар.

Ал жергілікті команданың бас бапкері Владимир Фомичев өз ойыншыларының көрсеткен ойын өрнегі көңілімнен шықпады дейді. “Қызыл-Жар СҚ” өз алаңында теміртаулықтарды тізе бүктірсе де, футболшылардың ойыны сүреңсіз болды.

Владимир Фомичев – “Қызыл-Жар СҚ” ФК бас бапкері:

– Мен команда сапындағы ойыншыларды бөліп-жарып айта алмаймын. Әсіресе, Аверченко мен Макаев бастаған шабуыл шебі өте нашар ойын өрнегін көрсетті. Футболшылар алға қойған тапсырманы орындауға ниеттенбеді. Қақпаға соққыларды да бір-біріне сілтеп, аз бағыттады. Жалпы жеңіске жетсекте, ойыншылардың бүгінгі ойыны маған ұнамады.

Енді “Қызыл-Жар СҚ” командасының келесі ойыны Қарасай стадионында мамырдың 14-і күні өтеді. Онда теріскейліктер семейлік “Алтайды” қабылдайды.

Риат Шони