Спорт

Петропавлда Киокушинкай каратэден СҚО ашық чемпионаты өтті

Қаз қатар тізілген спортшылар өздерінің күш сынасар сәтін тағатсыздана күтуде. Олар татами төріне шықпас бұрын жиналғандарды алдымен облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары:

– Құрметті жарысқа қатысушылар! Сіздерге мықты денсаулық, спорт алаңында сәттілік тілеймін. Киокушинкай каратэден СҚО ашық чемпионатының ашық деп жариялаймын.

Кейін, Анархан Дүйсенова аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың атынан облыста спорттың дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азамататтарға алғыс хат табыстады. Марапатқа ие болғандардың қатарында өңірде ең алғаш болып филиалын құрған – Азамат Манаповта бар.

Азамат Манапов – «Бүкілқазақстандық Киокушинкай каратэ ұйымы» РҚБ Алматы қалалық филиалы директоры:


–  Осыдан 15 жыл бұрын, 2001 жылы СҚО Киокушинкай каратэ филиалының алғашқы кірпіші қаланды. Сол күнннен бастап біз өте көп жұмыс істедік. Балаларды спортқа тарттық. Олар артқан сенімді ақтап, көптеген жарыстарда жеңімпаз атанды.

Бұдан соң жиналғандардың назары татамиға ауды. Мұнда доданың «Тамшивари» бөлімі бойынша ерлер сынға түсті. Сайыста жарыс көркін қыздырған 12 жігіт ағаш тақтайларды жұдырықпен ұрып сындырды.

Кейін олар тақтайларға қолдың қыры, шынтақ және өкшемен соққы бағыттап өздерінің шама-шарықтарын байқады. Мұнда қарағандылық спортшы Мұхтар Әбішевке тең келер қарсылас табылмады.

Мұхтар Әбішев – жарысқа қатысушы, Қарағанды қаласы:

– Жарыс өте тартысты болды. Қарсыластарымның барлығы мықты спортшылар.

Жалпы, киокушинкай каратэден СҚО ашық чемпионаты 1000-ға жуық жасөспірім спортшының басын қосты. Олар дүбірлі додада 49 салмақ дәрежесі бойынша күш сынаспақ.

Владимир Витченко – «Бүкілқазақстандық Киокушинкай каратэ ұйымы» РҚБ СҚО филиалының директоры:


–  Жарыс СҚО Киокушинкай каратэ филиалының құрылғанына 15 жыл толуына арналды. Оған еліміздің 6 өңірімен Астана, Алматы қалаларынан келген спортшылар қатысуда. Бұл бәсекенің нық фавориттері жерлестеріміз болып табылады. Жалпы біздің облыста Киокушинкай каратэ жақсы дамып келеді. Қазір теріскейде 1000-нан аса жасөспірім бұл спорт түрімен айналысады.

Ал, қазір жарыстың ең қызықты сәтін тамашалауға да уақыт келіп жетті. Ортаға петропавлдық жас каратэші Алишер Ғалымовпен оның астаналық қарсыласы шықты. Кездесудің алғашқы секундтарынан басымдықты қолға алған елордалық спортшы Алишердің көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. Ол қолмен де аяқпенде жерлесімізге соққы бағыттап, жеңіске жетті.

Алишер Ғалымов – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Қарсылас бала өте мықты. Ол менен жасы бойынша үлкен.

Теріскей төрінде 2 күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша СҚО жалпы құрамалық есепте бірінші орынға ие болды. Жеңіс тұғырының екінші сатысына астаналықтар көтерілді, ал үздік үштікті қарағандылық спортшылар қорытындылады.

 

Култанов Байболат