Мәдениет

Облыстық қуыршақ театрында балалар “Күлшеқыз” ертегісін сахналады

Мерекеге үй тазалаушы Күлшеқыз да барғысы келеді. Бірақ, бұл ойына жетімдік пен кедейлік кедергі келтіреді. Ғайыптан пайда болған қайырымды Пері сүйкімді қыздың үстіне әдемі көйлек, жалтыраған кебіс кигізіп, сиқырлы күймемен сауық кешіне жібереді.
Рөлдерді сомдаушы – 5-7 жастағы балғындар. Олар қатысатын актерлік үйірме Бескөлде 1 жыл бұрын ашылған екен. Балалар сахнада осымен екінші рет өнер көрсетуде.

Елена Курочкина, “Ника” театрландырылған көркемөнер студиясының көркемдік жетекшісі:

– Біз балалардың сөйлеу, ойлау, есте сақтау қабілеттерін арттырып, сахнада өзін еркін ұстауға үйретеміз. Барлығы 11 балғынмен жұмыс жасаймыз.
Бүгінгі ертегіде балалар оқитын мәтіндер ауқымды, сол себепті, “Күлшеқыз” ертегісінен бір үзінді ғана қоюды жөн көрдік.

Ертегіде патшаның көмекшісі Паштың рөлін 5 жасар кішкентай Дмитрий сомдайды.

Кішкентай болса да ертегі кейіпкерінің бейнесіне ену оған айтарлықтай қиындық туғызбаған. Сахнада өзін еркін сезінген балақай көрермендерге бар өнерін паш етті.

Дмитрий Кальченко:

– Мұнда мен 2 рөлді сомдаймын. Оқитын мәтінім үлкен. Көп дайындалдық. Әртістік өнер маған қатты ұнайды. Болашақта мамандығымды осы саламен байланыстрғым келеді. Студияға жиі барып тұрамын. Сол жерде достарым бар.

Кішкентай әртістердің өнері көрермендердің зор қошеметіне бөленді.

Енді өнерлі балғындар маусым айында “Буратино” қойылымын сахналамақ. Қазір қызу дайындық үстінде.

Тоғжан Ақмағамбетова