Балалар

Биыл “Балдәурен” республикалық балаларды сауықтыру лагерінде 200-ден астам солтүстікқазақстандық бала тегін демалады

Араларында Тайынша ауданының 3 оқушысы бар. Олар оқуда озат әрі әскери-патриоттық шараларға белсенді қатысып тұрады екен. Жол жүргелі жатқан жерлестерімізге білім басқармасындағылар лагерде тәртіпті болып, өзгелерге үлгі көрсетулері жөнінде біраз кеңестерін берді.

Аружан Габдуллина – Ж.Сыздықов атындағы орта мектептің оқушысы, Тайынша ауданы:

– Мен оқуымды жақсы оқимын. Мектепішілік шараларға белсенді қатысамын. “Балдәурен” лагеріне бірінші рет бара жатырмын. Онда өңір атына кір келтірмеуге тырысамын.

Жасыл түсті киімде отырғандар – Ғ.Мүсірепов ауданындағы “Ел тірегі” әскери-патриоттық клубының мүшелері. Бұл оқушылар әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша “Батыр” облыстық спартакиадасының бірнеше дүркін жеңімпаздары атанған. Олар да биыл “Балдәурен” республикалық лагерінде мемлекет қаражаты есебінен 20 күн тегін демалады. Негізі бір жолдаманың құны 150 мың теңге тұрады екен.

Қанат Сәдуақас – СҚО білім басқармасы спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:


– Сонымен қатар “Балдәурен” лагеріне “Мен чемпионмын” спорттық ойынының күміс жүлдегерлері – Ақжар ауданының құрамасы да тегін жолдама алды. Жалпы бүгін лагерге 26 оқушы аттанбақ.

Жиналыстан соң оқушылар далаға шығып бойларын жазды. Саптық жаттығулар жасап, кейін “Даңқ” ескерткішіне бет алды. Бейбіт елдің ұрпағы бұл жерде соғыста қаза тапқан ата-баба аруағына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Артынша ұрыс даласында шейіт болған сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Анастасия Авраменко – “Ел тірегі” әскери-патриоттық клубының мүшесі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Менің атам сұм соғысқа қатысып, ұрыс даласында қаза тапты. Атамды жылда еске аламын. Биыл достарыммен “Балдәурен” лагеріне бара жатқаныма қуаныштымын. Онда әр күнімді қызықты өткізіп, өзіме жақсы достар табамын деген үміттемін.

Бүгін “Балдәурен” балаларды сауықтыру лагеріне “Мен чемпион” спорттық ойынының ақтық кезеңінде жүлделі орынға іліккен Ақжар ауданының құрамасы да аттанды. Жалпы биыл қыркүйек айына дейін аталмыш лагерде 224 солтүстікқазақстандық бала тегін демалмақ.

Берік Қасен