МТРА жаңалықтары

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясына СҚО-нан 44 адам қатысты

Ширек ғасырға жуық уақытта елімізде атқарылып келе жатқан қажырлы еңбектің барлығы ұлтаралық татулық пен келісімді нығайтуға бағытталып келеді. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында айтты. Сәуірдің 26-сы елордада өткен маңызды жиынға СҚО-нан 44 адам қатысты. Делегация мүшесі – Рашид Надировке Елбасының тілдер туралы заңның сақталуына қатысты айтқан сөздері ұнапты. Жерлесіміз қазақ жерін мекен еткен ұлттар мен олардың ұрпақтары мемлекеттік тілге құрметпен қараса дейді.

Рашид Надиров – СҚО бойынша “Барбанг” күрдтер этномәдени орталығының төрағасы:


– Ең біріншіден мемлекеттік тілді меңгеру. Бүгінде күрдтер этномәдени орталығының мүшелері алдағы уақытта өздеріне осындай міндет қойып отыр. Әсіресе, қазақ тілін жастар мен жасөспірімдерге үйретеміз. Онсыз келешек жоқ. Оны еліміздің әрбір азамат сезінуі керек.

Биылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа функционалдық бағыттарды өз мойнына алды. Нақтырақ айтқанда, Ассамблея мүшелері бизнесмен, меценаттармен тығыз жұмыс жасап, көмекке мұқтаж жандарға қаржылай, материалдық тұрғыдан қол ұшын беруге атсалысады. Ауыр науқастанған және жетім балаларға қайтарымсыз көмек беріледі.
Елбасы жиын барысында ҚХА-сына қосылған үш жаңа құрылымның қызметіне ерекше назар аударды. Олар – қоғамдық келісім кеңесі, аналар кеңесі және медиация институты. Аймақтар мен аудандарда құрылған аталмыш ұйымдар жергілікті жерде халықтың нақты мәселелерін шешумен, ұжымдардағы қақтығыстардың алдын алумен айналыспақ. Анығырақ айтқанда, әр адам отбасындағы, жұмысындағы, қоғамдағы кикілжіңдерін сауатты мамандар мен заңгерлердің көмегімен шеше алады. Осы ретте айта кетейік, өңірімізде 47 қағамдық келісім кеңесі бар.
Сессия барысында “Мәңгілік ел” патриоттық актісі қабылданды. Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел идеясы мызғымас тұрақтылықтың символы бола отырып, ертеңгі күнге жол сілтейтін, болашаққа сенімді білдіретін идея екеніне назар аударды.

Гүлбақша Мұсабаева – “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы, облыстық ҚХА-ның медиация орталығының жетекшісі:


– Мәңгілік ел” идеясы – 25 жылдық тәжірибе мен ата-бабалар аманаты мен олардың даналық сөздерінің, тарихтан алған сабақтардың рухани қазынасы деп айтуға болады. Біз ғасырлар бойы жинаған тәжірибемізді кейінгі ұрпаққа шашау шығармай аманат ету қажетпіз. Патриоттық актіде тағдырдың айдауымен елімізге қоныс аударған 140 ұлт өкілдерінің тарихы да енгізілмек. Жалпы әр қазақстандық өзін осы жердің иесі ретінде сезінуі тиіс.

Ассамблеяның сессиясына жерлесіміз Анваршох Амиршоев те қатысқан еді. Ол “Сомониён Север” тәжік қоғамдық бірлестігін 2004 жылдан бері басқарып келеді. Оның балалары кезінде Тәжікстанға кешіп кетіп, араға бірнеше жыл салып елге қайта оралыпты. Анваршох Амиршоевтің ұрпағы болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келеді екен.

Анваршох Амиршоев – “Сомониён Север” тәжік қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Өзім Қазақстанда тұрып жатқаныма қуаныштымын. Балаларымның бәрі жанымда. Олар Қазақстан елінан ешқайда кеткісі келмейді. Тіпті атамекеніне оралғысы жоқ. Мен олардың шешіміне құрметпен қараймын. Дегенмен де ұл-қыздарым осында туып, балалық шағын Қазақстанда өткізді.

Бүгінде Ұлт көшбасшысы жарқын болашаққа бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Енді сол жолдан жаңылыспау – әркімнің мідетті.

Берік Қасен