МТРА жаңалықтары

Петропавлда кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарына 2 млн теңгеден астам қаржы бөлінді

Олар ең алдымен Жеңіс саябағы мен қалалық мәдениет және демалыс орнын өңдеуде. Осылайша, сәуір мен қыркүйек аралығында 233 га жер дәріленбек.

Татьяна Джулай, «Северный кристалл» компаниясының аға дезинфекторы:


– Биыл жергілікті әкімдіктегілер тендерді уақытында өткізіп, біздің компания дәрілеуді жүргізуге жауапты болып бекітілді. Бөлінген қаржыға 200 литрден астам «Цифокс» дәрісін алдырдық. Бір сепкен химиялық заттың әсері 1 айға дейін сақталады. Оны жауын-шашын шайып кеткен жағдайда, тағы да дәрілеу керек болады.

Сақтансаң сақтармын демекші, мамандар тұрғындарға орманға немесе қала сыртындағы демалыс орындарына шыққанда барынша абай болу керектігін ескертеді.

–  Адамдарға қауіп төндіретін кенелердің белсенділігі сәуір-мамыр айларында күшейеді. Аталған маусым басталғалы биылдыққа облыста 33 адамды кене шаққан. Оның 13-і Петропавлда тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда едәуір артық.

Облыс аумағында кене энцефалитіне қатысты қауіп жоқ. Өйткені, өңірімізде инфекцияның таралуына себеп болатындай табиғи ошақтар тіркелмеген. Жыл сайын қауіпті маусым басталған кезде санитар-эпидемиолог мамандар кенелерге қарсы демалыс орындарында дәрілеу жұмыстарын жүргізіліп, арнайы лабораторияда жәндіктен сынама алады.

Юрий Пузиков, СҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

– Кенелер қауіпті емес. Деседе, шаққан адам міндетті түрде ауруханаға қаралғаны жөн. Өйткені теріге қатты жабысып қалған жәндікті алып тастау оңай емес. Ішінде кененің аяқтары қалып қоюы мүмкін.

Бүгін адам көп жүретін Қазақстан Конституциясы көшесі толық дәріленіп жатыр. Бұл бағытта 3 дезинфектор маман жұмылдырылған.

Ерік Рамазанов, Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор инспекторы:

– Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен жәндікдіктерді дезинфекциялаудан бөлек, дератизацияға да 189 млн теңге бөлінді. 30 га жерді егеуқұйрық, тышқан сынды зиянды жәндіктерден тазалайды. Қазір Юбилейный көшесі, Жеңіс саябағы мен ескі бақ маса мен кенеге қарсы дәріленді.

Бүгінге дейін қалада жоспарланған аумақтың 72 гектары кенеге қарсы химиялық дәрі-дәрімекпен өңделіп үлгерген.

Акбопе Танирберген