МТРА жаңалықтары

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде Герольд Бельгер атындағы мұражай-аудитория ашылды

Үш тілді: қазақ, орыс және неміс тілін жетік меңгерген Қазақстанның халық жазушысы. Облысымыздың құрметті азаматы атындағы мұражай-аудиторияны колледж қабырғасында ашу білім ордасының директоры Александр Мерктің баяғы арманы болатын. Бүгін сол қуанышты күн туып отыр.

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:

– Мен Герольд Бельгермен жақын таныс болдым. Ол кісінің көзі тірісінде біз лайықты құрмет көрсете алмадық. Енді осылайша мұражай-аудитория ашып ұлы тұлғаның есімін мәңгілік етуді жөн санадық. Жалпы Герольд Бельгер үш тілді де құрметтеген. Отансүйгіш адам болған еді.

Мұражай-аудиторияның ішінде 100-ге тарта жәдігер бар. Оның ішінде Герольд Бельгердің туындылары, таяғы, қаламсаптары, жазушының жеке заттары жайғастырылған. Бұның барлығымен облыс әкімі Ерік Сұлтановты экскурсия жүргізушілері таныстырды. Ақнұр Базарбекова Герольд Бельгердің жерлесі, тіпті көршісі болған екен. Ол Ыбраев ауылында тұрғанда дарынды тұлғамен жақсы таныс болыпты.

Ақнұр Базарбекова – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің мұғалімі:


–  Герольд Бельгер өте дарынды тұлға. Мен онымен бір ауылда тұрғаныма қуаныштымын. Біз музейге жәдігерлерді жинаған кезде елді-мекенге барып экспонаттарды әкелдік.

Айтулы күнге колледж студенттері ерекше дайындалыпты. Олар Герольд Бельгердің шығармаларын мәнерлеп оқып берді.

Баян Бейсембаева – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Речь немецкая, речь казахская, речь русская – как мелодии трех струн. Три струны моей души. Я не могу делить их: первая, вторая, третья. Они переплелись звуками, как деревья в лесу корнями и ветвями. Они для меня все первые, все главные. Одна без другой не существует. Они триедины. Три круга моей жизни.

Бұдан соң аймақ басшысы студенттерге Герольд Бельгермен бір мектепте оқығанын, кейін бірге депутат болғаны жайлы естеліктерімен бөлісті. Осы залды ашуға ат салысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Облысымыздың құрметті азаматы Герольд Бельгердің еліміз үшін орны ерекше. Гераға көбімізге ақылшы аға, ұлағатты ұстаз болды. Қоғамды өмірге белсенді араласты.

Шара соңында Ерік Сұлтанов мұражай-аудиториядағы жылы лебіздер кітабына ізгі тілегін жазып қалдырды.

 

Риат Шони