МТРА жаңалықтары

Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру

Ең алдымен өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов СҚО әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы болып бекітілген Руслан Қақтайды және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасовты таныстырды. Соңғысы осыған дейін ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткен болатын. Ал Руслан Қақтай осыған дейін ҚР Әділет министрінің көмекшісі болыпты.
Бұдан соң жиынның күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Бір айдан астам уақыттан кейін, яғни маусымның 10-да балалардың жазғы сауықтыру лагерлері қызметіне кіріседі. Биыл лагерлерде 59 мың 091 оқушы демалады деп көзделіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір мың адамға артық. Осы жұмыстарға қазынадан 266 млн теңге қаржы бағытталыпты.

Шолпан Каринова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Тегін жолдамаларды алу үшін бюджеттен 57 млн теңге қарастырылған. 2015 жылы 56,2 млн теңге болатын. Ағымдағы жылы бір ауысымда 2 мың 087 баланы демалыспен қамту көзделген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 393 оқушыға кем. Ол санитарлық талаптардың өзгеруіне қатысты болып отыр. Биыл 16 лагерь жұмыс істейді. Өткен жылы 17 болатын. Айыртау ауданындағы бір лагерь биыл жаңғырту жұмыстарын жүргізетін болады.

Кейін жазғы демалыс орындарының жағдайы сөз болды. Биылға лагерьлерді жөндеуден өткізуге 40 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Шолпан Каринова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– «Жол картасы» бойынша Жамбыл ауданындағы «Лесная поляна» лагеріне – 10 млн, Қызылжар ауданындағы «Серебрянный бор» лагерінің асханасын жөндеуге 13 млн теңге бөлінді. Тағы «Достық лагеріндегі жатын бөлмелер жөндеу көрмек. Дайындық шығындарын азайту мақыстанда 7 құрылыс компаниясымен меморандумдарға қол қойылды.

Осы ретте аймақ басшысы лагерлердегі тәрбиешілердің даярлығы мен тамақтану мәселесіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Өйткені, өткен жылы өңірде келеңсіз оқиға орын алып, бірнеше бала уланып қалған болатын. Биыл мұндайға жол берілмеуі керек.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Барынша көп баланы сауықтыру және демалыс орындарымен қамту әкімдерге, 5 кезеңмен балаларға демалыс ұйымдастыру, балалар мен жасөспірімдердің лагерлердегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, лагерлерді жөндеу және материалдық-техникалық базасын қаржыландыруды тапсырамын.

Кейін жиында аббаттандыру мәселесі талқыланды. Сәуірдің 10-ынан бастап өңірде елді мекендерді санитарлық тазалау науқаны бастау алды. Осы уақыт аралығында 4 мың шақырымнан астам көшені қалыпқа келтіру көзделіп отыр. Ең бастысы, сенбіліктерге салғырт қарамай, аббаттандыру шараларына барлығы қатысуы тиіс. Оны әркім өзінен бастаған абзал. Осы ретте қоқыс алаңдарын да қалыпқа келтірген дұрыс.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

 

– Мен аудан әкімдеріне осы мәселені үнемі айтып келемін. Және оған сіздер сұрайтындай бірнеше млн теңгені жұмсаудың қажеті жоқ. Техника бар. Биыл тағы жаңа 3 бульдозер алдық. Соны 3 ауданды қалыпқа келтіретіндей етіп бөліп, қоқыс алаңдарын жөнге келтіріңіздер. Ол машина бір күнде 2-3 ауылдағы шаруаны тындыруға қауқарлы.

Әр аудан аббаттандыру шараларын жүргізу үшін жоспар құрып, соған сай жұмыс істеуі тиіс. Бүгіндері Шал ақын, Ақжар және Ғ.Мүсірепов аудандары осы ретте шаруаны мықтап қолға алған. Осы қарқынаан таймаған абзал.

Магжан Ахмадина