МТРА жаңалықтары

Петропавлдық жастар ҰОС қатысқан ардагерлерге құрмет көрсетуде

Сахнаға шыққан оқушылар жиналғандарға Отан, бейбітшілік тақырыптарында әндер шырқады. Осы кеште мың бұралған бишілері де өз өнерлерін ортаға салды.

Кездесуге Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Макиенко келіпті. Қария сұрапыл соғыс жылдары басынан өткерген естеліктерін балаларға әңгімелеп берді. Жерлесіміз 17 жасында майдан даласына аттанған екен. Ол отты жылдары бірнеше рет жараланыпты. 91 жасқа келген ақсақал бейбітшілікті ұрпақ бағалауы керек дейді.

Василий Макиенко – Ұлы Отан соғысы ардагері:

– Ұлы Отан соғысы жылдары елімізден майдан даласына аттанған жүз мыңдаған жауынгер елге оралмады. Міне, сол жандардың арқасында біз татулықта, тыныштықта күн кешудеміз. Бейбітшілікті сыйлаған ардагерлерді құрметтеп жатқан мектеп ұжымына алғысым шексіз.

Сондай-ақ, шарада жерлес майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің өмірі жазылған “Ешкім де ешқашан ұмытылмайды” атты кітаптың тұсауы кесілді. Орыс тілінде жарық көрген бұл жинақта 50-ден аса теріскейлік майдангердің өмірі сипатталған.

Зинаида Распопова – кітап авторы:


–  Кітапта жазылған мәліметтерді маған іздеп табу оңайға соқпады. Өзім осы туындымды баспадан шығару үшін 5 айдан артық еңбектендім. Жинаққа майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің өмірінен бөлек, ақын жауынгерлердің өлеңдері де енді.

Мерекелік шара соңында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, оларға гүл шоқтары табысталды.

 

Култанов Байболат