МТРА жаңалықтары

Петропавлдық киім дизайнері Айжан Колчина халықаралық байқаудан оралды

Мына үстелдегі сызбалар – дизайнер туындыларының эскиздары. Ерекше үлгідегі еңбектерді дайындауға шебер 1 ай уақытын сарп еткен. Нәтижесінде көйлектері сайыс ұйымдастырушыларының жоғары бағасына ие болған.

Айжан Колчина – киім дизайнері:


–  Мен бұл байқаудың өтетіндігін ғаламтордан білдім. Сосын ұйымдастырушылармен хабарласып көріп едім, олар менің көйлектеріме қызығып қатысуымды сұрады. Мен көп ойланып, бақ сынауға бел байладым. Нәтижесінде туындыларым шетелдіктерді таң қалдырды. Бұл өнер маған анамнан дарыған. Ол мені кішкентайымнан іс тігуге, сурет салуға үйретті.

Айжан өзінің еңбектерін ерекше үлгіде болғандығын қалайды. Мәселен, ол мына туындысын ғарышкердің скафандрына ұқсатып тіккен. Көйлектің үстіңгі бөлігі жарықдиодты шамдармен безендіріліпті. Киімнің бұл жері қараңғыда сәуле шашып, маңайына сән береді. Ал, мына қолөнер жұмысын ісмер алғаш рет кәдімгі қағаздан жасап көрген. Сосын ол өз ойын дамытып, көйлекті матадан тігіпті. Айжан түрлі туындыны дүниеге әкелу үшін әрбір шеберге шабыт қажет дейді.

Айжан Колчина – киім дизайнері:


–  Менің ойымша, біріншіден шебер адамда өнер болу қажет. Сосын дизайнерге күндіз-түні еңбектену міндетті. Біздерге жаңа бірдеңе ойлап табу үшін үнемі ізденісте болған жөн. Мен қолым шаруадан босағанда ғаламтордан көйлек тігудің дәрістерін тыңдаймын. Болашақта Батыс елдеріне барып кәсіби шеберлігімді дамыту ойымда бар.

Қазір, Айжан әйелдердің тек кешкі көйлектерін тігеді. Оның туындыларын тұрақты түрде сатып алатын тұтынушылары да бар екен. Болашақта өнер иесі нәзік жандыларға арналған көктемгі және жазғы жейделерді тікпекші. Кейін шебер тағы да халықаралық байқауларға қатысуды көздейді.

Култанов Байболат