Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір жетекшісі жұмыс сапарымен облыс орталығын аралады

Бұл жерде күніне 12 сағаттан “Су 808” серіктестігі қызу жұмыс жүргізеді. Бүгін кәсіпорындағылар құдықтарды асфальт деңгейіне дейін көтеріп жатыр. Бұған дейін жиек тастар орнатылып, көшенің ойылып кеткен тұстары тегістелген болатын.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ескі жиек жолдарды тек сапалысымен алмастыру керек. Сапасыз материалдар пайланылмасын.

Ал Әуезов кешесінде жөндеу жұмыстары 20 мамырда аяқталады деп жоспарланған.
Сәтпаев көшесінде жолдың ойылып кеткен тұстары жамалып жатыр. Биыл осындай әдіспен 25 көше қалыпқа келтірілмек.
Бұдан кейін өңір жетекшісі Ботаникалық баққа соқты. Сапасыз кірпіш пен ішіндегі климаттың ерекшелігіне байланысты оранжереяның қабырғасы қирауда.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мердігерді тауып, бұл жерде сапасыз жүргізген жұмысы үшін жауапқа тарту қажет. Қателігін мойындап, ғимаратты өз еркімен жөндемейтін болса, сотқа жүгіну арқылы бұл мәселені бір жақты қылу керек.

Облыс әкімі шаһар басшысы мен ТКШ бөлімінің жетекшісіне 29-сәуірде Ботаникалық баққа орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жайлы ұсыныстарын дайындап келуді тапсырды. Ал, мынау – Мир көшесі. Бұл жерде “Ашық аспан” серіктестігі кепілдік міндеттеме аясында Мүсіреповтен Шәжімбаев көшесіне дейінгі аралықты жөндеп жатыр.

Аймақ басшысы барған келесі нысан – Уәлиханов көшесі, 3 мекен жайында орналасқан аула. Бұл жерде биыл жоспарланған 30 үйдің алдына орнатылуы тиіс балалар алаңқайының алғашқысы тұрғызылған. Мұндай алаңның тағы 15-і демеушілер есебінен салынбақ.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл қалада балаларға арналған 45 балалар алаңқайы құрылады. Бұрындары мұндай жұмыстар жүргізілмеген. Енді аулаға кіретін жолдар жөнделеді.

Айту керек, аула алаңқайларына 11 млн теңге бөлінген. Оларды орнатумен”Strong servis” серіктестігі айналысуда. Шикізат Ресейден сатып алынғанымен, балалар ойнайтын алаң өңірде жасалады.
Мына көшеде 7 түрлі әткешек орнатылған. Бұған тұрғындар разы.

– Все яркое, красивое, молодцы!

Сондай-ақ, өңір жетекшісі Жеңіс саябағында болды. Мұнда ардагерлер үшін билеуге арналған алаңқай салынуда. Ол Жеңіс күнінде іске қосылмақ. Ерік Сұлтанов осы жерде жұмыс жасап тұрған “Мир аттракционов” серіктестігінің балалар саябағымен де танысты.

Владимир Козлов, “Мир аттракционов” ЖШС құрылтайшысы:


– Бүгін механиктер келіп Кенгуру әткеншегін іске қосады. Осы маңда бірнеше батут орнатамыз. Қазір балалар мен отбасылық демалысқа арналған 17 карусель құрулы тұр. Олардың санын бірте-бірте көбейте бермекпіз.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Заречный кентіне де аялдады. Қызыл су зардабын тигізіп кеткен мекенде бүгіннен бастап қоғамдық көліктің қозғалысы қалыпқа келтірілді. Десе де тоғанның маңында бұрынғысынша құтқарушылардың жүк көлігі кезекшілік етуде. Мұнда жағдай тұрақталып келеді. Сондықтан, тұрғындар кезекші көліктің көмегіне жүгінбей-ақ өз беттерінше шаһарға қатынуда.

Акбопе Танирберген